ІЗГІ АМАЛ ЖАСАУДЫҢ САУАБЫ МЕН МАҢЫЗЫ (Жетінші күн)

ІЗГІ АМАЛ ЖАСАУДЫҢ САУАБЫ МЕН МАҢЫЗЫ (Жетінші күн)

8 мин
ІЗГІ АМАЛ ЖАСАУДЫҢ САУАБЫ МЕН МАҢЫЗЫ (Жетінші күн)

24 ақпан

Жетінші күн

ІЗГІ АМАЛ ЖАСАУДЫҢ САУАБЫ МЕН МАҢЫЗЫ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. 

Адам жүрегіне ұялаған иман, оны ізгі істер жасап, қоғамға пайдалы іс жасауға жетелейді. Алла Тағала қасиетті Құранның көптеген аяттарында иманнан кейін ізгі амал жасау керектігі турасында айтқан. Бұдан біздер ізгі амал жасаудың мұсылман өмірінде қаншалықты маңызды екендігін түсінеміз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятында:   

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«Ал енді иман келтіріп, игі іс істейтіндерге келсек, Біз игі істер істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан.

Әһлі-сунна ғалымдары иман мен амалды екі бөлек дүние ретінде қарастырады. Иман мен амал бөлек-бөлек болғанымен өзара тығыз байланыста. Яғни, иман пендені жәннатқа кіруге себепкер етсе, жасаған (намаз, ораза секілді) амалдар жәһаннамнан құтылуға бірден-бір жол. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресі, 40-аятында:

مَنْ عَمِلَ سَيِّئَةً فَلَا يُجْزى اِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ اَوْ اُنْثى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَاُولئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ يُرْزَقُونَ فيهَا بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Әлде кім бір жамандық істесе, сонда ол, соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал ер немесе әйел сенген түрде ізгі іс істесе, міне солар: жәннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді», – деп айтқан.  

Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Алла Тағалаға сүйікті деп танылған ізгі амалдың көптеген түрлері айтылған. Олардың негізгілеріне тоқталар болсақ:

Бірінші: уақытында оқылған намаз

Исламның бес шартының әуелгісі иман болса, екіншісі – намаз. Алла Тағала қасиетті Құранның 87 жерінде намаз оқуды бұйырып, оның адам баласы үшін маңыздылығына ерекше назар аударған. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын):

سَأَلْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أيُّ الأَعْمَالِ أَحَبُّ إلَى اللهِ؟ قَالَ: الصَّلَاةُ عَلَى وَقْتِهَا

«Мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға амалдардың ең ұнамдысы қайсысы? деп сұрадым. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап берді», – дейді (имам Бұхари, Мүслим).

Шортанбай Қанайұлы бабамыз:

Құбылаға бас қоймақ,

Мұсылманның тарығы.

Ораза, намаз қаза қылмасаң,

Көңіліңде Құдай барлығы, – деп айтқан.

Екінші: ата-анаға жақсылық жасау

Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – оның ата-анасы. Сондықтан да асыл дініміз адам баласына ата-анасын құрметтеп, сыйлауға, қолынан келер жақсылықты жасауға, оларды риза етіп, ақ батасын алуға бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

رِضَى اللَّهِ في رِضَى الوَالِدَينِ ، وسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الوَالِدَيْنِ

«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деген (имам Термизи).

Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) анасын мойнына салып алып Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Ол кісі бұған: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Жоқ. Сені босанарда оны қысқан толғақтың біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазар», – деп жауап береді.

Үшінші: үзілмей, жалғасатын жақсы іс

Аз да болса үзілмей, әрдайым жасалып тұратын ізгі амалдар Алла Тағалаға ең сүйікті амалдар қатарына жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَحَبُّ الأعمالِ إلى اللهِ أدْوَمُها وَ إِنْ قَلَّ

«Алла Тағалаға ең ұнамды амалдар – аз болса да үздіксіз (тұрақты түрде) жалғасатыны», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Имам Ән-Нәуәуи осы хадиске түсініктеме бере отырып, былай дейді: «Бұл хадис ізгі амалдарда тұрақты болуға шақырады, сонымен қатар бұл жерде кішігірім, бірақ тұрақты іс, үлкен, бірақ тұрақты емес істен гөрі абзал екені айтылады. Үнемі жасалынатын кішігірім амал, үлкен әрі тұрақсыз амалға қарағанда әлдеқайда көп пайда әкеледі».

Төртінші: адамдарға пайдалы іс жасау

Мұсылман адамның басты сипаттарының бірі – қоғамға пайдалы болу. Асыл дінімізде Алланың ризалығын көздеп, өзгелерге жәрдемдесу, адамдардың қажеттілігін өтеу үлкен құлшылық деп саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері»– деп айтқан (имам Табарани).

Алла Тағала баршамызды иманында берік, ізгілік амалдар жасаушы құлдары қатарынан еткей!

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс