Ақсу қаласында қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай бірқатар рухани, қайырымдылық және спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Айт намазынан кейін жамағатқа мерекелік дастархан жайылып, 300 адамға палау, шай және бауырсақ таратылды. Сонымен қатар 30 мал сойылып, еті мұқтаж отбасыларға үлестірілді. Қала тұрғындарына арналған ұлттық спорттық ойындар да өткізілді.
Спорттық шаралар аясында ересектер арасында екі салмақ дәрежесі бойынша қазақша күрес, балалар арасында екі салмақ дәрежесі бойынша белдесулер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, арқан тарту, қой көтеру, асық ату секілді ұлттық ойындар өтті. Мерекеге келген барлық балаларға тегін балмұздақ пен тәтті мақта таратылды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақсу қаласының бас имамы арнайы құрмет грамоталарымен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.
Құрбан айттың екінші күні қайырымдылық шаралары жалғасын тапты. Ақсу қалалық қарттар үйіндегі қариялармен және зағиптар мекемесіндегі жандармен мерекелік кездесу ұйымдастырылып, айттық дастархан жайылып, бас имам атынан айттық шай берілді.
Сонымен қатар жағдайы төмен отбасыларға құрбандық еті үлестіріліп, азық-түлік себеттері табысталды.









