ҰЛЫМА ХАТ

ҰЛЫМА ХАТ

10639
4 мин
ҰЛЫМА ХАТ

...Ұлым, адам баласы өмірге келерде екі нәрсені таңдай алмайды: Туған жер мен туған ата-ананы.

Өмірге келгенсоң екі нәрсені айналып өте алмайды: Махаббат пен өлім. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірің осы төрт нәрсемен тығыз байланысты. Сондықтан осы төрт нәрсенің түйінін шешіп ұшығын қолыңа ұстату менің әкелік міндетім.

Алдымен туған жер - ол - отан анаң. Кіндік қаның тамған қасиетті өлкең. Отаныңды қорғау, оны қастерлеп, қадір тұту сенің перзенттік борышың, азаматтық міндетің.

Екінші ата-ана, ол - сені өмірге әкелуші, тәрбилеп өсіруші. Олар екі жарты бір бүтін, яғни бір адам. Сен үшін де солай болуы тиіс. Ата-ана алдындағы перзенттік борышыңды толық өтей алмасаң қапаланба. Әке деген мына жалған дүниеде сеннен қарызын сұрамайтын жалғыз адам. Анаң да ана дүниге аттанарда сен үшін ақ сүтімді кештім деп кетер. Баланың ең басты перзенттік борышы – ата-ананың атына сөз келтірмеу. Әке-шешең баланың кесірінен жаман сөзге қалмай, ел алдында еңсесін тік ұстап жүрсе, сол сенің ата-ананың қолтығынан демегенің. Сол сенің перзенттік борышыңды өтегенің. Одан арғыны мен сұрамаста, тілеместе едім. «Тәрбиесіз» деген сөзді естірте көрме. Бұл менің сеннен өтінер әкелік жалғыз тілегім.

Ал, махаббатсыз дүние бос, балам. Өмірдің жақсы жақтары сүйіспеншілектен, махаббаттан тұрады. Махаббатта тазалықты, адалдықты талап ететін қасиетті ұғым. Махаббатсыз өмірің көңілсіз, сұрқсыз, сүреңсіз болмақ. Сондықтан махаббатқа адал бол, оны сатпа.

Өлім деген ғұмырлық өлшемнің ең соңғы нүктесі. Аллаға сен, өлімді хақ деп таны. Жаныңды, тәніңді таза ұста. Ұятты бол, арлы бол. Ұят иманнан. Иман екі дүниеде де керек.

Мінекей, аз да болса осы төрт тағылымға зейін қойып, ой елегінен өткізсең өміріңе жетерлік ғибрат болмақ. Мен сені есейгенше сүйреп жүрмеймін. Жас болсаң да жігеріңді шыңдап талап қыл, талпын, өмірден өз жолыңды табуға тырыс. Адам қырыққа келгенше тұрақты мінез қалыптастырады. Сол мінезі өзіне өмір бойын серік болмақ. Көркем мінезбен жақсы атанып биіктен көрінсең асып-тасып шалқыма, сабырың жаныңа серік болсын. Жаман атың шығып жаның ауырса ол да өз тағдырың. Жақсы болсаң да, жаман болсаң да өзіңнен көр. Кісіні кінәлама.

Ертеректе өмірде жолы болмай, не тірлік істесе де кері кетіп, әбден тауы шағылған бір жігіт әкесіне келіп мұңын шағыпты:

– Әке, мені өмірге не үшін әкелдің? Мұнша жолы болмайтын сорлы болғанша дүниеген келмегенім жақсы еді-ау, – деп.

Сонда әкесі тұрып айтқан екен:

– Балам, ақ неке, адал төсектен, Алланың қалауымен дүниге келдің. Ешкімнен кем қылмай өсірдім, тәрбиеледім. Абайдай ұлы азмат болсын деп атыңды Абай қойдым. Енді өз қолың өз аузыңа жетті. Бола алмаған өзіңнен көр! – деген екен.

Қай әке бауыр еті баласын жаман болсын дей алады. Тіпті, өзі жете алмаған жетістікке баласы жетіп, шыға алмаған шыңдардан баласын көргісі келеді. Бұл – әке арманы!

Ұлым, мына бір арпалысқа толы дүниеде, азғантай қиындыққа төзбей үлкен жетістікке жету мүмкін емес. Болшақ деген қалың тұман адастырмай тұрмайды. Әке қанша көреген болса да, баланың алдына шыға алмайды. Өмір ағысына қарсы жүзіп, өз жолыңды тауып кеткенше талай теперіш көрерсің. Ұядан ұшып, әке қамқорлығынан қол үзген соң адам өзін-өзі тәрбиелеуі өте маңызды. Өмірдің әрбір сәтсіздіктерін «тәжірбие» деп қабылдасаң келер жолы табан тірер тасыңа айналады. Шын мәнінде, ер жігітті шар болаттай шыңдайтын өмірдің өзі. Әкенің көлеңкесінде жүрген бала күн сәулесін көрмей өтеді. Ондай баланың жарқын болашақтан үміті аз...

Мен әке ретінде бойымдағы барымды бердім. Ал өмірден алар еншіңе – өз күшіңмен жеткенің абзал. Қолдаушың бір Құдай болсын, құлыным. Тірі болсаң бір жерден шығарсың...

Тойкенов Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс