Өткен жылы Рамазан айында Дубайда болған едім. Сол жерде Алла бір себеппен маған сиқыршылықпен айналысатын бір адаммен кездесуді нәсіп етті.
Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Мен оған сабырмен, нық сеніммен былай дедім:
– Мен сиқырды білмеймін, өмірімде сиқыршылардың ортасында да болған емеспін. Бірақ Алланың Кітабынан сендердің әлсіз екендеріңді жақсы білемін. Алла Тағала Құранда:
«Олар Алланың рұқсатынсыз ешкімге зиян тигізе алмайды» деген.
Ол біраз үнсіз отырды да:
– Иә, бұл рас, – деді.
Сонда мен одан:
– Өзің осы айтылған аяттың ақиқатын көзіңмен көрген бір оқиғаға тап болдың ба? – деп сұрадым.
Ол ауыр күрсініп, көкірегінде көптен бері жатқан естелігін ақтара бастағандай әңгімесін бастады.
Ол былай деді:
– Бір күні жұрттың алдында сиқырымды көрсетіп тұрғанмын. Оң қолыма бір қанжар, сол қолыма тағы бір қанжар ұстап алып, екеуін де ішіме, бүйіріме сұғып жаттым. Бірақ денеме ешқандай зақым келмейтін.
Жан-жағымдағы адамдар таңғалып, ауыздарын ашып қарап тұр. Мені ерекше күшке ие адам деп ойлайды. Бірақ олар менің кеудемді шайтандар қалқан секілді қорғап тұрғанын қайдан білсін?!
Өзімді қанша жарақаттасам да, ештеңе сезбейтінмін.
Алла Тағала Құранда:
«Олар адамдардың көздерін сиқырлап, қорқынышқа салды. Расында, үлкен сиқыр көрсетті» деген.
Мен сол кезде жұрттың алдында өзімді көрсетіп, мақтанып тұрған едім. Бір кезде жиырма жастың шамасындағы бір жас жігіт ішке кірді.
Оны көрген сәтте бойымды біртүрлі сезім биледі. Аузында мисуак, жүзінде ерекше тыныштық бар. Жүріс-тұрысы, болмысы бірден көзге түсетін, жүзінен нұр төгіліп тұрғандай еді. Мен сиқырымды әрі қарай жалғастырып, қанжарларды ішіме қарай бағыттап жатқанмын.
Сол кезде әлгі жігіт аузындағы мисуагын алып, ернін жыбырлатып, жай ғана:
Аллаһу лә иләһә иллә һуәл-Хайюл-Қайюм…» – деп, Аятул-Күрсиді оқи бастады.
Сиқыршының айтуынша:
– Алламен ант етейін, ол аятты оқыған сәтте-ақ кеудемді қорғап тұрған шайтандар жан-жаққа бытырай қашты. Көзді ашып-жұмғанша жоқ болды. Ал менің ішіме қарай бағыттап тұрған қанжарларым денеме кіріп кетті. Жұрттың көзінше жерге құлап, қатты ауырсындым.
Содан кейін ауруханада тура үш ай жаттым. Ауырсыну, ота, өкініш… Бәрін бастан өткердім.
Ауруханаға түскен алғашқы күні шайтандарым келді. Мен оларға айқайлап:
– Неге мені тастап кеттіңдер?! – дедім.
Олар:
– Алламен ант етеміз, сен біздің не көргенімізді көрсең ғой! Әлгі жігіт ішке кіріп, Аятул-Күрсиді оқыған кезде біз бүкіл қаладан қуылып шықтық! – деді.
Алла Тағала Құранда:
«Раббыңды Құранда жалғыз өзімен еске алған кезде, олар теріс айналып, қашып кетеді» деген.
Менің ішімді қызғаныш пен кек биледі. Өз-өзіме:
«Бұл өмірден енді ештеңе қаламаймын. Тек сол жігіттің көзін жойсам болды!» – дедім.
Шайтандарды жинап алып, сол жігітке зиян тигізуді бұйырдым. Олар да бірінен соң бірі түрлі уәде беріп, оны құртудың жолын табамыз деп сендірді. Мен де соларға сеніп қалдым.
Бірақ күн сайын барып келгенімен, ешқайсысы ештеңе істей алмады.
Бір күні олардан:
– Не болды? Неге әлі күнге дейін оны жеңе алмадыңдар? – деп сұрадым.
Олар:
– Біздің оған шамамыз келмейді, – деді.
Сиқыршы осы жерге келгенде көзіне жас алды.
– Мен шайтанның алдында әбден қор болдым. Бұрын-соңды жасамаған нәрселерімді істедім. Тіпті әлгі жігіттің киімінен бір затын да тауып алдым. Соны пайдалансам, оған бір амал жасаймын деп ойладым.
Бірақ шайтандар қайта келіп:
– Бітті! Енді одан ештеңе шықпайды. Біз саған бұл жолы да көмектесе алмаймыз, – деді.
Алла Тағала Құранда:
«Расында, Менің құлдарыма сенің ешқандай билігің жүрмейді. Оларға қамқоршы ретінде Раббыңның өзі жеткілікті» деген.
Ауруханадан шыққаннан кейін де әлгі жігітті үш жыл бойы аңдумен болдым. Шайтандарды қайта-қайта жіберіп отырдым. Бірақ олардың біреуі де оған зиян тигізе алмады.
Ақыры шыдамай, олардан:
– Айтыңдаршы, бұл жігіт өзі не істейді? Оны не қорғайды? – деп сұрадым.
Олар:
– Бұл – намазын ешқашан қалдырмайтын адам, – деді.
Сол кезде жүрегімнен мына сөз шықты:
«Намаз – құтқарылу екен ғой! Алламен ант етемін, намаз – нағыз құтқарылу!»
Содан кейін ұстаз былай деді:
Иә, бұл сөзді әлгі сиқыршы тым кеш түсінді. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ бұдан әлдеқайда бұрын айтқан:
«Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, ол Алланың қорғауында болады».
Алла Тағала тағы бір аятта:
«Расында, иман келтіріп, Раббысына тәуекел еткендерге шайтанның ешқандай билігі жүрмейді» деген.
Дүниедегі шайтандардың барлығы бірігіп кетсе де, Аллаға шын жүрегімен құлшылық етіп, Оған тәуекел еткен пендеге өз бетінше зиян тигізе алмайды. Адамның амандығы денесінің күшті болуында да, айласының көптігінде де емес.
Түйін: Аллаға сенім мен тәуекелдің мықтылығы.
Бұл оқиға өмірде шынайы болған……