«Жұрт сенімен қандай қарым-қатынас жасаса, сен де оларға солай жауап бер.» деген сөз — түбірімен қате тұжырым.
Аббас Махмуд Әл-Аққад бұл туралы былай дейді:
“Ел ішінде өтірікші, сатқын, зұлым, арсыз, екіжүзді адамдар кездеседі.
Егер әр адамға оның мінезіне қарай жауап берсең, жаман мінездің бәрін бойыңа жинап аласың.
Сөйтіп, ең нашар адамдардың біріне айналасың.
Сондықтан өзің жұрттан қандай қарым-қатынас күтсең, оларға да сондай мінез көрсет.”
Иә, кемелдік — айна болу емес, шам болу.
Жүрегің — жел шайқайтын жапырақ емес, тамыры тереңге бойлаған бәйтерек болса ғана өз болмысыңды сақтап қаласың.
Біреудің қараңғылығы сенің жарығыңды өшіріп кетпеуге тиіс.
Егер әр пенденің көлеңкесіне қарап өмір сүрсең, күн нұрына ешқашан жете алмайсың.
Қазақта: “жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық нар адамның ісі” дейтін жақсы сөз бар.
Құранда:
«Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Ендеше, жамандыққа ең көркем түрде жауап бер.
Сонда сенімен өшіккен адам —
сенің ең жақын досыңа айналуы мүмкін», - делінген.
(Фуссилат сүресі, 34-аят)
Ендеше, мінезіміз Құран болсын!