(Алған тәрбиемнің, оқыған-тоқыған, естіген, көрген, білгендерімнің негізінде жылдар бойы қалыптасты. Әлі де қалыптасу үдерісінде. Алайда өзек-негіз өзгеріссіз - Ата-Анамнан алған тәрбие).
Меніңше Жаратқан Иеміз де, Жаратқан Иеміз жаратқан мына жұмбағы мол әлем де адамдарды жазалауға соншалықты бір құштар болмаса керек. Күнә жасадың ба - тәубаға кел, кешіріміңді сұра, енді қайталама, жолыңды жалғастыр. Өзіңді өзің өкінішпен мүжіме де, өзегіңді де өртеме. Оның ешкімге пайдасы да, қажеті де жоқ. Мүмкіндігінше өзің де еске алма, өзгелерге де паш етпе.
Өзгелердің де күнәлі істеріне куә болмауға, күнәлі сырларын шашпауға тырыс. Өйткені жамандықтың ұрығы тым өсімтал келеді. Таралуына көзіңмен де, сөзіңмен де себепкер болма. Жақсыны көре біл, жаныңды жадырат, көзің мен көңіліңе қуаныш сыйла. Жауабы жоқ немесе жауабы өзіңе түсінікті аймақтан алыс жатқан сұрақтарды көп қазбалап, басыңды босқа қатырма.
Өзіңе беріліп тұрған өмір сүру мүмкіндігін, нығметтер мен игіліктерді алғыспен қабылдап, мейлінше дұрыс пайдалан. Өзіңнен артылса, өзгелермен бөліс. Онда да кім көрінгенмен емес, барыңды беталды шашпай, байыппен бөліс. Өзгеге өзің қаламайтынды тілеме де жасама. Өзіңе тиесіліні қорға, өзгеге тиесіліге таласпа. Қызықсаң, сен де өзіңдікін ізде, еңбектен, “Маған да мынадай бұйыртшы” - деп, Алладан өзіңе тиесіліні сұра. Жаратқан Иеміз сені де сондай игілікке лайық деп тапса, береді. Бермесе, демек саған басқа нығмет тиесілі болғаны.
Жәбірлеген жаннан қорғануға шамаң келмей жатса, Алладан медет сұра - жәбірлеушіге жаза сұрама, өзіңе қорған мен қуат сұра. “Ертеңгі күн не болады?”, “Өлгеннен соң не болады?” деген пікірталастарға араласпа. Оның нақты жауабын ешкім де білмейді. Алдағыны бір Алла ғана біледі. Уақыты жеткенде көре жатасың. Бүгінгіңді, дәл қазіргіңді дұрыс та сапалы пайдалан!
Болашаққа болжам жасама, жоспар да құрма, алайда мақсат белгіле, бағдарлама жаса. Бір ғана мақсатты қаузай беоме, бірнеше бағытта жұмыс жүргізе білуге дағдылан. Сонда біреуі іске аспай қалып жатса, тоқырап тұрып қалмайсың. Басқаларын жалғастыра жүріп, баяғы іске аспай қалған мақсатты да жол-жөнекей жөндеп алуға мүмкіндік аласың. Өмір сүруді алқын-жұлқын еңбек етіп, жол аяғында зорығып құлау деп түсінуге болмайды. Уақтылы дем алып, көңіл көтеріп, жан азығын қамтамасыз етіп, қуат көзін толықтырып тұруды ұмытпаған жөн.