МӘШҺҮР ЖҮСІП: МӘУЛӘНӘ РУМИ ТУРАЛЫ

МӘШҺҮР ЖҮСІП: МӘУЛӘНӘ РУМИ ТУРАЛЫ

1
10 мин
МӘШҺҮР ЖҮСІП: МӘУЛӘНӘ РУМИ ТУРАЛЫ

Зор ақыл, һәм көп оқумен Мәуләнә Румидың халық арасында даңқы шықты. Оның даңқы Иранның сыртына шығып, алысқа жайылды. Оған алыс жерлерден көп адамдар ақыл сұрауға келуші еді. Бәрі де одан қайтқанда , дүниеге осындай білікті адам жіберген Аллаға риза болып қайтушы еді. Бірақ Мәуләнә Руми бұл даңқына риза болмады. Халқына көбірек білім үйреткісі келді. ,,Менің білімімді азғантай ғана адам үйренеді,, - деген пікір Мәуләнаны зор қайғыға салды. Ақырында көңіліне жеңдіріп, кітап жазуға тоқталды.

Әр адам ішінен таза пікір тапқандай һәм оқыған сайын тазарып, тәуір болғандай жақсы , таза кітап жазғысы келді. ,,Менің нашар аяғым баспаған жерлерді кітабым аралайды. Иранның шеткі түбегіне шейін қалдырмай, Үндістанға жайылады. Оқыған адамдардың көзін ашады,,- деп, қуанышты көңілмен , жарық үмітпен Мәуләнә Руми еңбекті қолға алады. Алты жыл тұтас күнбе- күн жазды. Әр сөзін ойлады, әр ойын тексерді. Еңбегі бірте- бірте бітуге жақындады. Бір ыстық күні терең ойға қалып, Мәуләнә өзінің әдетінше бір сулы апанның таспен шегендеп тастаған хауызының жағасында отырған еді. Енді бір азырақ жол жазған соң, алты жылдық ұзақ қызметін бітірмек еді.

- Не жазып отырсың, шайқы?- деген артынан дауыс шықты.

Шайқының бойы шымырлап, қайырылып қараса, жұпыны киінген, ұзын аса таяққа сүйенген бір кісі тұр екен. Бет әлпетіне қараса, бұл кісінің қайраты шығып, оты жанып тұр. Көздері сұстия қарап, нұры жайнап , жарық шашып тұрған секілді.

- Мен жұрт үшін кітап жазып отырмын, жазғаныма алты жыл болды. Енді ақырына жақындадым. Сол себептен өтінемін! Жолаушы, қызметіме кедергі болма, жөніңе жүре бер- дейді.

- Мәуләнә Руми, еңбегіңді маған бер, қарайын- деп қолын созды.

Мәуләнә үндемей ұстата берді. Жолаушы кітапты қолына алып, әуелгі бетін қарап тұрды да, үндемей кітапты суға лақтырып жіберді.

Мәуләнәның қорыққаннан үрейі ұшып кетті:

- Опасыз, не істедің?- деп, ол өзіне лайықсыз дауыспен айғайлап:

- Неге сен менің алты жылдық еңбегімді жоқ қылдың. Неге сен кітапты суға лақтырдың? Оны мен халқымның пайдасы үшін жазып едім!- дейді.

- Сенің кітабыңа өтірік сіңіп тұр екен. Сол өтіріктен сені, һәм сенің халқыңды құтқару үшін лақтырдым!- деп, ақырын ақырын , бірақ нығыз қылып жолаушы жауап қайырды.

- Қалай сенің батылың барды?

- Бұл еңбекке кірісуге сен өзің әлі қате түсінуден ағарылған жоқсың. Сен өзің әлі көптен қорқып, көптің ыңғайымен жүресің. Егер нашар қызметіңді аяп тұрсаң, ал, мен оны қайырып берейін. Бірақ кітабыңды қайтып алсаң, өзің де ақырға шейін жоқ боласың! - деп жолаушы асасын суға салып, бұлғап -бұлғап судан кітапты шығарып алды.

Кітап судан құрғақ шықты. Мәуләнә Руми бұл кереметке таң қалды. Алдында тұрған тегін кісі еместігіне шүбә қалмады. Мәуләнәның ақыл- ойы, барлық ағзасы бұл танымайтын кісіні өлшеусіз сыйлайтын ретке айналды. Ол кісі көзін тігіп, Мәуләнәға қарап тұрып:

- Мәуләнә, айтшы, маған еремісің? Мен сені кітапты қалай жазуға үйретейін!

- Жарайды, ұстазым!- деп Руми даусын шығарды. Сонан кейін құлаштап, кітабын суға лақтырып жіберді. Танымайтын жолаушының соңынан ере берді. Денесі, көңілі бір түрлі сезімге толып, бұлар үндемей тегістеу даламен біраз жүрді.

Бір жерде бұларға енді бір дария тап болды. Жағаға жақындап келіп, кереметті жолаушы шөлмектің үстімен жүргендей, судың бетімен батпай жүріп кетті.

- Мен қайтемін ұстазым?- деп, Мәуләнә дауыстады. Кереметті көрген соң, жолаушыға илану бұрынғыдан да артып.

- Қорықпа! Жүр соңымнан!- деген дауыс естіді. Мәуләнә Руми судың үстін басып еді, қатты болды. ,,Бұ не себептен?- деп таңырқады. Көз ашып жұмғанша Румидың көңіліне сенімсіздік кірді. Һәм ,,Кімнің соңынан еріп келемін?"- деген қорқыныш кірді. ,,Неге мен бұған иланамын? Бұл кім? Менің иманым Аллаға қанша толық болса да, мұнан бұрын судың бетімен жүре алмайтын едім.- ,, деп Мәуләнә ойлап болмай -ақ сезді, суға батып бара жатыр екен. Қорқып кетіп айқайлады:

- Ай, ұстазым, айтшы маған: ,,Сен кімсің? Қазір толқын жұтпай тұрғанда, мен мүмин мұсылман болған соң, білгім келеді. Не себептен менің саған илануым керек? Алла мен Мұхаммедтің есімі де мені судың үстімен жүргізе алмап еді, қалайша сен?

- Мен Шамс, менің атымды айт!- деп қысқасынан қайырды. Мен нұрмын. Құдайдың Құдайымын!

- Уа,Шамс , Шамс!- деп Мәуләнә ықыластанып дауыстады.

Сол сәтте Руми судың бетіне шыға келді. Сөйтіп олар судан өтіп алып, ар жағындағы тұрған қалаға қарай жүрді. Қалаға әлденеше қадам жер қалғанда, жолаушы тоқтап тұрып, Мәуләнә Румиға айтты:

- Енді сен мен не бұйырсам, соны істейсің!

- Құп, ұстазым, тыңдаймын!- дейді.

- Жақсы, олай болса, қалаға барып, маған арақ сатып әкел.

Бұл сөз Румидың құлағына күннің шатырлағанындай естілді. ,,Мұхаммед арақ түгілі, арақ дүкені бар көшемен жүруден тиып еді. Бұл ұстазы шариғатқа қарсы нәрсеге жұмсады.,,

- Не айтып тұрсың, ұстазым?- деп, Мәуләнә Руми даусын шығарып жіберді.

Жолаушы езу тартып күліп:

- Бар менің не дегенімді орнына келтіре бер! Есіңде болсын, не нәрсемее де әділ пайдалануға болады. Әр адамның өз шариғаты, өз заңы бар өзіне. Бірақ нағыз шариғат - Нұр жарық. Енді қалаға бар, тұрма!- дейді.

Мәуләнә Руми қалаға кетті. Бірақ арақ дүкеніне кіруге қорқып, жүз қадамдай жақындап, бір қызметшіні шақырып алып, оған екі күміс ақша берді де:

- Біреуін өзің ал, біреуіне бір бөтелке арақ сатып әкел- дейді. Қызметші арақты әкеліп берді. Мәуләнә Руми арақты киіміне жасырып, ұстазына алып келді.

Шәмс алдынан шығып, Мәуләнәға суық сөйледі:

- Мен сенен бұл арақты алмаймын. Сен мені де, өзіңді де алдадың. Қалаға қайта барып, өзің сатып ал. О не қылғаның? Қызметші жалдағаның? Киіміңе жасырғаның? Ашық қолыңа ұстап әкел!

Мәуләнә Руми қайғылы көңілмен басын төмен салып, қалаға қайтып кетті. Арақ дүкеніне кіруге ол: ,,Көшедегі кісілер азайсын,, деп күтіп тұрды. Халық сиреген кезде арақ дүкеніне жүгіріп кіріп, арақ алып, көшеге жылдам шыға келді. Арақ дүкенінен былай шыға бергенде, біреу сезіктеніп бұдан:

- НЕ алып барасың?- деп сұрады.

Мәуләнә Руми ұялғанынан:

- Сірке суы (уксус) - дейді.

Бұл жолы бұрынғысынан да Шәмс суық назармен қарап:

- Сен байғұс мені тағы алдадың. Сен дүкенге көшедегі жұрттан қаймықтың. Һәм сұраған кісіге ұялмастан өтірік айттың. Енді ақырғы рет бұйырамын. Дүкенге барып, бір сауыт тығынсыз қызыл арақ сатып ал. Оны сәлдеңнің үстіне отырғызып, көше бойымен маған қарай билеп қайт. Арақ шайқалып төгілсін. Сорғалап аққан қызылы жұрттың көзінше ақ сәлдеңді бояп, бетіңді жусын!

Бұл сөздерді естіп, Мәуләнә Румидың тұла бойы дірілдеп кетті. Егер ұстазының не айтқанын істесе, бұрынғы ,,тақуа, діндәр,, деген атағына қол жуады, көптің қауымынан шығады. Білсе халқы тәуір көруін қояды. Көп заманнан бері қосылып, көбейіп келе жатқан әдет -ғұрып аяққа басылады.

- Уа, ұстазым, осының бәрі сонша неменеге керек? - деп, ол қайғылы дауыспен сұрады.

- Сен кітабыңды жазғың келе ме?- дейді ұстазы.

Сол сөзді естігенде , Мәуләнә Румидың көңілі ашылып, жарқырап, қалаға қарай құстай ұша жөнелді. Батыл барып арақ дүкеніне кірді. Маңайындағы жұрттың сөккеніне қарамай, ұстазының айтқанын бұлжытпастан істеді. Арақ төгілді, үстін бояды, халқы көрді. Мұның бірін ескермеді. Қате көңілі ашылып, қуанышы тасып, жаны жайланғандай болды. Мұның алдынан Шәмс шықты. Бұ да көңілді екен. Ықыластанып, шәкіртіне:" Құтты болсын!"- деп айтты.

- Сен өзіңді енді жеңдің. Бар, қаламыңды ал. ,,Халық әлде не қыл дейді?" - деп енді қорықпассың. Мұнан былай қате түсіну көз алдыңа тұман болмас.- дейді.

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс