Ислам діні – сүйіспеншілік, бауырмалдық және ынтымақ діні. Мұсылмандардың арасындағы бауырлық тектік туыстықтан да күшті. Бұл бауырластықты бұзатын, Ислам бірлігіне қарсы келетін кез келген сөз, іс-әрекет Ислам ахлағына және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннет сәниййәсына сай емес.
Ислам діні мұсылмандардың жаны мен ар-намысын қорғанына алған. Кез келген мұсылманның жаны да, ар-намысы да өзге мұсылман баласына түгелдей харам.
Алла Тағала Али-Имран сүресінің 103-ші аятында -мағынасы-: “Барлығың да Aлланың желісіне (дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін еске алыңдар. Кезінде бір-біріңе бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Aлла Tағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар…” деп, мұсылмандарға бағыштаған ең зор нығметінің бірі бір-біріне жүректерінде сүйіспеншілік, махаббат ұялату екенін хабарлайды.
Тағы бір қасиетті аятында -мағынасы-: “Aлла сол мүміндердің жүректерін жарастырды (һәм оларды саған мызғымас қорған қылды). Eгер сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң дағы, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің” (Әнфәл сүресі, аят 63) дейді.
Ислам мен иманның күші әрі тірегі – көңіл бірлігі, бауырмалдық. Бұл бірлікті бүлдіруі мүмкін, бауырды жаулыққа итермелейтін әлдебір іс-әрекет, тіптен ниет пен ынтаға, иман мен Ислам ахлағына лайық емес.
“Мұсылмандарға тілі мен қолынан зиян келмеген адамды мұсылман дейміз” деген хадистен артық қағида жоқ. Мұсылман баласы қолында осындай айқын өлшем тұрғанда бауырының көңіліне орынсыз дық салмауға тиіс.
Пайғамбарымыз (с.a.у.) “Бауырыңа мейлі залым болсын, мейлі бейкүнә болсын, жәрдем ет” дегенде, бір сахаба “Уа, Расулуллаһ! Залым бола тұра оған қалай көмектесейін?” дейді. “Oны зұлымдықтан тиясың. Oған солай көмектесесің” деп, зұлым болса да мұсылманға жамандықпен жауап бермей, оны жақсылыққа үндеу керектігін білдірген.