Кейде дәл уақытында келген бір хабарлама,
Күтпеген жерден жолыққан адам,
Немесе аяқ астынан өзгеріп кеткен өмір бағыты…
Бәрі жай ғана сәйкестік пе? Әлде бұл - біз ойлағаннан да терең, күрделі жүйе ме?
Философияда өмірдің әрбір сәті – кездейсоқ емес, белгілі бір себеппен болады деген көзқарас бар. “Кездейсоқ” дегеніміз – көбіне сол сәттегі біздің түсіну шегіміз ғана. Кей оқиғалардың мағынасы уақыт өте келе ғана ашылады.
Ғылым тұрғысынан алғанда да, әлем тек хаостан тұрмайды. Хаос теориясы, ықтималдық заңдылығы сынды ұғымдар – әрбір кішкентай өзгерістің үлкен салдарға алып келуі мүмкін екенін көрсетеді. Яғни көрінгендей болмашы оқиға – үлкен жүйенің бір бөлшегі болуы ықтимал.
Ал сенім мен руханият тұрғысынан қарасақ, өмірдегі әрбір жағдай – Жаратушының қалауы, тағдырдың бір бұралаңы. Құранда: “Сендер жек көрген нәрселеріңде – жақсылық бар, жақсы көргендеріңде – жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер” делінеді. Бұл — адамды сабырға, қабылдауға, жүрек тыныштығына шақыратын терең түсінік.
Өмірдің әрбір бұрылысы, әрбір тосын сәті – бізге бір белгі, бір сабақ. Бәрі бір сәтте түсінікті болмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе – мәнін табамыз.
Сенсең бәрі себеппен келеді.
Сенбесең бәрі саған не үйретті, соны қара.
Кейде өзіңді жоғалтқан сәтің – нақты өзіңді тауып жатқан кезің болуы мүмкін.
“Кездейсоқтық — бұл Құдайдың атын жасырын жазған тәсілі.” -депті Альбер Камю
Гүлжанар НЕСІПБЕКҚЫЗЫ