Бір бай әрі жомарт кісі болыпты.
Одан жұрт "сен де еңбек етесің, біз де еңбек етіп жүрміз, сен неге байсың, біз неге бай емеспіз" деп одан бай болуының мәнін сұрапты?
Сонда әлі кісі: "Мен Алламен жарыстым, яғни Алла маған берді, мен де Алла жолында басқаларға бердім. Осылайша Алла берген сайын мен де бердім. Бірақ, Алламен жарысу мүмкін бе, Алла жеңді" деп жауап беріпті.
Сопылықта "Алланың ахлағымен ахлақтану" деген түсінік бар. Яғни, моральдық үстемдік пен ұлылықта Алланы үлгі тұту деген түсінік.
Мысалы: Алла жомарт, ендеше жомарттық жақсы, пенде де жомарт болу керек. Алла кешірімді, ендеше кешіре білу жақсы, пенде де кешірімді болу керек. Алла сабыр иесі, ендеше сабырлы болу жақсы, пенде де сабырлы болу керек. Алла абсолютті білім-ғылым иесі, ендеше білім-ғылым жақсы, пенде де хал-қадарынша білім-ғылым иесі болу керек.
Жоламан БҰЛАН