Тәрбие жолындағы ең ауыр сынақтардың бірі — Алланың адамға өзіне тартпаған, мінезі бөлек бала беруі. Кітапты серік еткен, ойлы әкеге — күні бойы доп қуып, қимылды жақсы көретін ұл берілуі мүмкін. Ұқыптылықты жаны сүйетін, жинақы анаға — қиялы ұшқыр, еркіндеу қыз бұйырады.
Көз көрген тәжірибеде талай шаңырақтың шайқалғанын байқайсың. Себебі — баланың бұзылуы емес, ата-ананың бүркітті киіктің тірлігіне салмақ болғаны.
Біздің қоғамда бір ащы шындық бар: бала бізге ұқсамаса, біз оны “жөндеуге” кірісеміз. Білдірмей қысым жасаймыз, өзгемен салыстырамыз, “сен біз ойлағандай болмадың” дегенді сездіреміз. Соның кесірінен бала өз болмысынан қысылып, жаратылысынан ұялатын, еңсесі төмен жанға айналады.
Сондықтан әр ата-анаға айтарым:
1. Сен — ұсташы емес, бағбансың.
Ұста ағашты өз ыңғайына қарай жонады. Ал бағбан әр өсімдіктің бабын тауып, өз қалпында жайқалуына жағдай жасайды. Егер алдыңдағы гүл — раушан болса, одан алма күтудің қажеті жоқ.
2. Ортақ арнаны тап.
“Маған ұқсамайды” деп торығудың орнына, балаңмен араңды жалғайтын бір ғана қасиетті тап та, соны өрбітіп, соған сүйен. Тәрбие — түзетуден емес, қабылдаудан басталады.
3. Қабілет — бір ғана өлшем емес.
Балаң сабаққа жүйрік болмауы мүмкін, бірақ елмен тіл табысуға шебер, не қолынан іс келетін өнерлі болуы ғажап емес. Біз баланың дарынын тек баға мен үлгерімге байласақ, талай таланттың тамырына өзіміз балта шабамыз.
Ағайын…
Балаға берер ең үлкен сый — оны бар қалпында қабылдау. Ұқсастыққа не нәтижеге байланған махаббат — шынайы тәрбие емес, ол — көңілге салмақ салатын қысым.