СЕНІМ СЫРЛЫ СЫЙЛЫҚ

СЕНІМ СЫРЛЫ СЫЙЛЫҚ

1
3 мин
СЕНІМ СЫРЛЫ СЫЙЛЫҚ

Адам баласы өз ықтиярлығымен Құдайға сенсе одан асқан байлық жоқ. Байлық болғаннан кейін ол өте құнды болып саналады. Ал құнды заттың қорғалуы да күш-қуат сақтықты талап етеді. Сенімім жүрегімде деп құр сөзбен орақ ору негізсіз. Жүректегі сенімді ниет-пиғыл, іс-қимылымыз арқылы айқара ашып қоямыз. Осыны дөп басып айтқан Дана елші: «Негізінде амалдар ниетке байланысты»1 - деген. Біздің өмір кешіп жатқан ғасырымыз оңай емес болғанындай, бізден бұрынғыларға да оңайға соққан жоқ. Болашақ тіптен жылдам жақындап, қарқындап тіпті аптығып келеді. Құнды сенімді сақтап қалу әрбір мұсылман баласына сын. Берілген нығметтердің бәрінде қызғыштай қорғау керек. Солардың төресі «сенім». Сенім құлдық ұрумен қатар, сауысқандай сақтықпен сақталады. Күніміздегі ағыл-тегіл құйылып, сапырылып жатқан ақпараттық ауыс-қиыс сәтте иманымызды үйіріп отыру басты міндетіміз. Бәрін сақтап қалуға ат салысқанымыздан да сапалы, сенімімізді сақтап қалуға күш жұмсау міндетіміз. Сол сенімді баяндаған асыл құндылығымыз Құран: «Міне, солар ғайыпқа (яғни, сезім мүшелерімен сезіліп-білінбейтін тылсым әлемге) кәміл сенеді...»2 - деп жоғары бағалаған.

Әуелі болашақты дөп басып Құдайдан басқа ешкім айта алмайды. Әз елшінің өзі «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді»3 деп тоқтаған. Қазіргі міндетімізді мүлтіксіз атқару ең ұтымды да ұнамды іс. Өткенге өкінеміз, болашақты болжағанмен олай бола ма, жоқ па? - белгісіз.

Екінші алалды алал, арамды арам деп біліп, алалға асығып, арамнан бойымызда аулақ салып отырамыз. Арсыздық пен өсім өрескел өрбіп, тартымдылығы түрленіп түлеп көз бояуда. Түкке тұрмайтын тиын өсімі, түпсіз пайыздарға жол ашып, үнсіз үңілген арсыздық, ордай опатқа омақастыруда.

Үшінші құлдық міндетімізді міндетті түрде үзбеуге үйір болу. Қысқа күнде қырық құбылған, қасық басына қарауыл қойған бұл күндерде құлшылықсыз болу, қайықсыз түпсіз теңізге қойылғанмен пара-пар.

Төртінші үміт пен күдік таразысын тең ұстау маңызды. Әһлус-сунна уәл-жәмағаның ең сара да даралығы осы орта жолды барлық бағытта тепе-теңдікпен ұстай білуінде. Құдайға серік қосудан басқа күнәнің барлығын Жәббар Иеміз кімге қаласа жарылқайтынын жарияласа4 , басқа жерде күна атаулының түгелін кешіретінін кесіп айтты.6 Бұл міне үлкен үміт береді. Қателігіміз кешірілері сөзсіз деп бізде, белді босқа алмаймыз. Керісінше сауысқандай сақтықпен ғұмыр керуенін кеше береміз.

Дара да Даңқты Иеміз Өз мейірімі мен рахымынан һәм Дана елшісінің шапағатынан құр қалдырмағай!

 

Сілтемелер:

1.              Бұхари, Муслим

2.              Бақара сүресі 3 аят

3.              Муслим

4.              Ниса сүресі 48 аят.

5.              Зүмәр сүресі 53 аят.

 

Баянауыл ауданы «Мұса Мырза» мешітінің

Ұстазы Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

18.05.2026 ж

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс