«...АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт. Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да.
Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.
Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Яссауидің заты түгілі, атына қанық емес еді. Шоқан Уәлихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен соншалықты таныс емес еді. Ал Абайдың атына да, затына да Байтұрсынұлы тым беріде, өз таңдауын жасап, сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты. Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп үлгергенді.
Біз бұл арқылы рухани дамуымыздың ойдағыдай өрістеп кете алмауының себебі тарихи сабақтастықтың қайта-қайта үзіліп қала беретіндігінен, соның салдарынан әрдайым тыңнан бастап, өткендер біліп үлгерген ақиқатка қайтадан өз күшіңмен жетуге тура келетіндігінен, сүйтіп, көп күш-жігердің босқа сарп болатындығынан екенін айтқымыз келеді.
Бұдан Ахмет Байтұрсынұлы алдыңғылар салған соқпақты қайта шиырлап шықты деген қорытынды тумаса керек. Ол – ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген. Ол, бар болғаны алты-ақ жыл оқыпты. Екі жылын Торғайда, төрт жылын Орынборда оқыпты. Екеуінде де өз заманының интеллектілік өрісін толық таныта алған ордалы оқу орнын, өнегелі ұстаздар ортасын көре алмапты. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлының ендігі тағдыры қыл үстінде тұрған халкының қамын ойлап, жанкешті жолға түсу мен азаматтық кемелділіктің мұншама шырқау биігіне көтерілуінің сырын тек тумысынан ерек қабілет пен абзал жүрекке ие азаматтың айрықша ыждағаты мен мігірсіз ізденістерінен іздегеніміз орынды. Ол бір басының тәуекелімен бүкіл бір ұлттың тәуекелінің түгел оянуына түрткі болды.
...Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты.
Жаңа жазу.
Жаңа әліппе.
Тұңғыш емле.
Тұңғыш фонетика.
Тұңғыш грамматика.
Тұңғыш синтаксис.
Тұңғыш терминология мен әдістеме.
Тіл ашарлар.
Тіл танытқыштар.
Тіл жұмсарлар.
Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жәйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың».
Халық жазушысы ӘБіШ КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ "Ұлағатты ұстаз» атты мақаласынан