Қасиетті жұма күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мұса Шорманов аулында жаңа, әдемі мешіт ашылды. Мешіттің құрылысы бұдан 4 жыл бұрын басталған еді. Алланың қалауымен құрылысы аяқталып, құжаты толық реттеліп, рұқсат алып ашылуы осы күнге дөп келді.
Мешіттің салтанатты ашылу шарасына халық көп жиналды. Шара әдеттегідей қасиетті Құран Кәрімді оқумен басталды. Яхия қари Сансызбайұлы Құран оқып, облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы ізгі бата берді.
Келесі кезекте ҚМДБ-ның Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Қайырбеков Нұрлан Евфратұлы халыққа Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп құттықтап, осы ізгі істі атқарған азаматтардың барлығына алғысын айтты
Осы ауылдың тумасы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұқұлы және ауылдың бірнеше қадірлі ақсақалы сөйлеп батасын берді.
Келесіде мешіттің имамы таныстырылып бекітілді. Шарадан соң жамағат жаңа мешітке кіріп жұма намазын оқыды.
Ауыл халқының қолдауы, жамағаттың сұрауы бойыншы мешітке «Қаныш ата-Ғабдулғани» есімі берілді.











