АМАНАТ ТУРАЛЫ

АМАНАТ ТУРАЛЫ

210
5 мин
АМАНАТ ТУРАЛЫ

Аманат – адам баласына уақытша тапсырылған нәрсені көздің қарашығындай сақтап, еш зиян тигізбей иесіне қайтару дегенді білдіреді. Бұл – адам бойындағы ең асыл әрі ең жауапты қасиеттердің бірі. Қазақ халқы: «Аманат – молшылық әкеледі, қиянат – кедейлік әкеледі» деп бекер айтпаған. Аманат бұзылған жерде қиянат күшейіп, береке жоғалады, қоғамда сенім әлсірейді.

Аманат ұғымы қазақтың күнделікті өмірінде де, Ислам дінінде де терең мағынаға ие. Ол тек затқа қатысты ғана емес, адамның жанына, өміріне, дініне, отбасына, Отанына қатысты үлкен жауапкершілікті білдіреді. Ең үлкен аманат – адамның жаны. Бұрынғы бабаларымыз: «Алланың аманатқа берген жанын, кезегі келгенде қайтарамын» деп айтқан.

Аманат – шариғаттағы міндет

Шариғатта аманат деп сенімді адамға уақытша сақтауға тапсырылған дүние-мүлік немесе құнды заттар айтылады. Оны дәл сол күйінде қайтару – міндет әрі сауапты іс. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Пайғамбарға опасыздық жасамаңдар… аманаттарыңа қиянат жасамаңдар» («Әнфал» сүресі, 27-аят) тағы бір аятта: «Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруды әмір етеді» («Ниса» сүресі, 58-аят) деп бұйырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Саған сеніп тапсырылған аманатты орында. Саған қиянат жасағанға сен қиянат жасама» деп, аманатшылдықтың мұсылманға тән басты қасиет екенін көрсеткен.

Аманатшылдық – иманның белгісі

Иман мен аманат сөздері араб тілінде бір түбірден тарайды. Бұл – аманатқа беріктік иманның жемісі екенін білдіреді. Иманы толық адам аманатқа қиянат жасамайды. Ал аманатқа опасыздық ету – өз сеніміне қиянат ету деген сөз.

Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі – «Әл-Мумин», яғни пенделеріне қауіпсіздік сыйлаушы, қорғаушы. Аманат сөзі осы сипатпен байланысты. Сондықтан аманатшыл адам өзгеге қорған болып, қиын сәтте жанашырлық танытады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың бақташысыңдар, әрқайсың қол астындағыларға жауаптысыңдар» деп, әр адамның өз міндетіне жауап беретінін ескерткен.

Пайғамбарымыздың аманатқа беріктігі

Аманатшылдық – Алла Елшісінің ең көркем қасиеттерінің бірі еді. Ол өмірінде ешқашан өтірік айтпаған, сенімділігімен танылған. Тіпті пайғамбарлық келгенге дейін Құрайыш халқы оны «Әмин» деп атаған.

Мүшріктердің өзі дүниелерін аманат ретінде Пайғамбарымызға тапсыратын. Мәдинаға һижрет жасар кезде Алла Елшісі өзіне тапсырылған мүліктерді иелеріне қайтару үшін Хазіреті Әлиді қалдырып кеткен. Бұл оның аманатқа адалдығының айқын дәлелі.

Қиянатшылдық қайдан шығады?

Аманатқа қиянат жасау – ең ауыр күнәлардың бірі. Адамға берілген ақыл, білім, ерік, өмірдің өзі аманат. Егер біз қоршаған дүниеге аманат ретінде қарасақ, көптеген мәселелер шешілер еді.

Хакім Абай қиянатшылдықтың адамды жарым мұсылман ететінін айтып: «Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны» деп ескерткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Іс өз иесіне тапсырылмаса, қияметті күте беріңдер» деп, аманаттың жоғалуы қоғамның бұзылуына себеп болатынын білдірген.

Аманаттың негізгі түрлері

1. Дін – аманат

Алла Тағала аманатты көкке, жерге, тауларға ұсынғанда олар жауапкершіліктен қорқып бас тартты, ал адам баласы оны қабылдады: «Аманатты адам баласы мойнына алды» («Ахзаб» сүресі, 72-аят)

Дін – ең үлкен аманат. Құран мен сүннет – бізге қалдырылған қасиетті мұра. Пайғамбарымыз: «Сендерге екі аманат қалдырамын: Құран және сүннет» деп өсиет еткен.

2. Отбасы – аманат

Исламда отбасы құндылығы ерекше орын алады. Ер мен әйел бір-біріне аманат. Перзент те ата-анаға берілген аманат.

Пайғамбарымыз: «Әйелдер – сендерге берілген Алланың аманаты» деп, отбасындағы жауапкершілікті еске салған.

3. Отан – аманат

Отан – әр адамның туған жері, қасиетті мекені. Пайғамбарымыз Ұхұд тауын көріп: «Бұл тау бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз» деп туған жерге сүйіспеншіліктің үлгісін көрсеткен.

Исламда бес нәрсені қорғау міндет: дін, жан, ар-намыс, дүние, Отан.

4. Жастық шақ – аманат

Жастық – өмірдің ең қуатты кезеңі. Қиямет күні адамның жастық шағы қалай өткендігі сұралады.

Пайғамбарымыз: «Жастық шағыңды қалай өткіздің деп сұралмайынша адам орнынан қозғалмайды» деген.

Жастықты білімге, ізгі амалға жұмсау – ең үлкен мүмкіндік.

5. Жан мен тән – аманат

Өмір – Алланың аманаты. Сондықтан суицидке қатаң тыйым салынған. Тән де аманат, оны харам істерден сақтау қажет.

Пайғамбарымыз: «Көзің – аманат, қолың – аманат, аяғың – аманат» деп әр мүшенің жауапкершілік екенін айтқан.

Аманатқа адал болу – имандылықтың белгісі, адамгершіліктің өлшемі. Аманат бар жерде сенім, әділдік, береке болады. Ал аманат бұзылған қоғамда қиянат күшейіп, ынтымақ әлсірейді. Сондықтан әрбір мұсылман өзіне жүктелген аманаттарды сақтап, жауапкершілікпен орындауға міндетті.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс