"...Баят руынан Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң оның барлық болжамдары қатесіз болған... оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын іс болмасын Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық билігін бұлжытпай орындаған. Қорқыт атадан бір сөз мынадай:
"Тәңірге сыйынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды. Тәңірі пәндесінің маңдайына жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп өлмейді. өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, баийды, бірақ ішінен өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Сулар қанша тарам-тарам болып, тасып аққанмен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкәппар адамды Тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға Тәңірі бақ бермейді. өзіңнен тумаса ұл өгей, қанша бағып-қақсаң да ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиелеген адамды көрдім-білдім деген сөзді де айтпас.
Кұмды қаншама үйгенмен төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Күңге сарыпай шапан жапқанмен бәйбіше болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман.
Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамас. Ананың көңілі балада болар, жақсы ана үшін бала – екі көздің сыңары. ұлың өсіп жетілсе, ол от басының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ".
Қорқыт ата өзінің ел-жұртына тағы мынадай өсиет айтқан: “Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке арғымақтан пайда жоқ. Қолына қылыш ұстап көрмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз жақсы. Ат жемейтін ащы шөптің гүлденіп өспегені жақсы. Адам ішпес судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді."
Қорқыт ата кітабы. Алматы: "Жазушы", 1996.
7-8-бб.
Желіден алынды.