"Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?" - дейді дана Абай.
Әрине, болмас. Бар жақсылықтың, кішіпейілділік, мейірімділік, адалдылық пен сабырлық сынды көркем қасиеттер мен іштарлық, арсыздық пен менмендікке ұқсаған құлықтардың мекені - ЖҮРЕК. Ұялу, жақсы көру, мүминді дос тұту - ЖҮРЕКТІҢ ІСІ.
Осы жүрек өзіндегі жаман құлықтарды ығыстырып, тек жақсы қасиеттерге толыққанда ғана аялы болмақ. Зұлымдық пен қатыгездік билеген жүректі аяулы деп айту - ақылға сыймас.
Ол үшін жүрекке не қажет?
ИМАН қажет.
Жүрек ілімсіздіктен, рухани кеселдіктен аман, діндар болуы шарт.
Адам баласы тән мен жаннан тұрса, тәніміз топырақтан жаратылғандықтан, оның бүкіл азығы, жеп-ішуі, қажеті жерден болады.
Ал жан адамға Алла тарапынан берілгендіктен, оның қорегі рухани азық болмақ. Алла тағала қасиетті Құрани Кәрімнің Бақара сүресінде:
"Рухани азық жинаңдар, ол азықтың ең жақсысы - ДІНДАРЛЫҚ" - деген.
Дін адам жүрегіне мейірім-шапағат, махаббат пен рахмет нұрын кіргізеді. Осы нұр жүрегімізге жігер беріп, иманымызды күшейтпек. Сонда ғана жүрегіміз бойдағы жағымсыз құлықтарды ығыстырып, адамдық қасиеттермен толықпақ, ақылдың дұрыс деп танығанын мақұлдап, оң қабақ танытпақ.
ИМАН - алып бәйтерек болса, адамның көркем қасиеттері - иман атты алып бәйтеректің бір-бір бұтағы. Ал иманның тамыр жайып, нәр алатын мекені, ол - ЖҮРЕК.
Жүректің таза, жұмсақ болуы - иманның кемелденуі мен қуатты болуының кепілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
"Ақиқатында адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады.
Шын мәнінде, - ол ЖҮРЕК және ЖҮРЕК" - деген.