Елімізде дін және мемлекет қатынастар бағытында көптеген тәжірибелер қалыптасып келеді. Түрлі радикалды топтармен күрес, дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеу, азаматтар мен діни ұйымдардың қызметін қадағалау сияқты мәселелер жолға қойылып отыр. Осы орайда дұрыс пен бұрыстың арасын ажырату, әсірешілдік пен қалыптылықты саралау, зиян пен пайданы түсіне білу маңызды.
Біріншіден, қазіргі Қазақстан қоғамында діни сананың жаңғыруы орын алуда. Осыған байланысты діндарлық, діншілдік, діни фундаментализм және модернизм ұғымдарының айқындалуы міндеті тұр. Себебі, тұрғындар арасында діни сипаттағы үгіт-насихаттарға қатысты түрлі пікірлер мен көзқарастар қалыптасып келеді. Діндарлықты құндылықтық тұрғыдан түсінетін азаматтар өмірдің негізгі мәні ретінде діннің талаптарын қойса, өздерін бейтарап санайтын топ дінге және діндарларға деген сыни көзқарастар мен пікірлерді ортаға салады. Бұл өз кезегінде осы діндарлық түсінігімен діни фундаментализм түсініктерінің айқындалмауы себепті туындап отырған көзқарастар саналады.
Екіншіден, қоғамдағы дін бағытында айтылып жатқан насихаттардың мазмұнына қатысты да әртүрлі мәселелер туындауда. Шариғат және құқық, діндарлық және зайырлылық, тарих және қазіргі кезең, тәрбие және білім, фундаментализм және модернизм түсініктерінің күресінде Қазақстан қоғамының рухани бағдарын айқындау маңызды. Осы орайда уағызшылар тарапынан келтірілген кейбір дәлел-дәйектердің қоғамда түрді қайшылықтар тудыруы, діни фобиялық көзқарастарға себеп болуы жиі кездесіп қалады. Сол себептен де аталмыш ұғымдар арасында салмақты тұжырымдар жасалып, ара-жігі ажыратылу қажеттілігі тұр.
Үшіншіден, дінге қатысты қолданылып отырған түсініктер мен тұжырымдардың ғылыми бағытта саралануы маңызды. Дінді теологиялық, уағыздық форматта талқылау қоғамның дінтанулық және діни санасын жетілдірмейді. Зайырлы қоғам мен мемлекеттің ұстанымдар тұрғысынан түрлі ағымдар мен уағыздарға баға беруде ғылыми тұжырымдар мен зерттеулер жасалуы өркениетті қоғамның басты міндеті саналады. Сол Қазіргі Қазақстан қоғамында мұсылмандық фундаменталистік идеялардың үшін тарихи, теологиялық, әлеуметтік, психологиялық аспектілерін зерделеу кезек күттірмейтін мәселе.
Төртіншіден, халықтың діни ұстанымы мен қоғамдағы діни идеялар елдің рухани және материалдық дамуында маңызды қызмет атқарады. Зайырлылық діни көзқарастардың шектелуі деп саналмағанымен дінге бейтарап көзқарастарды басымдыққа алу екендігі белгілі. Сол себептен де қоғамдағы діндар топтардың қоғамдық қызметтердің барлық саласында орын алуы олардың діни көзқарастарының өркениетті түрде қалыптасуына байланысты. Діндар азаматтардың білім алуы, отан қорғауы, түрлі салаларда қызмет атқаруы алдымен оларға танылған мүмкіндіктер шеңберінде болса, одан кейін азаматтардың дүниетанымдық ұстанымдарына байланысты болмақ. Міне осы мәселелер және осыған ұқсас басқа да проблемалар аталмыш тақырыпта ғылыми зерттеулер жасау мақсатын тудырып отыр.
Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ