ҒЫЛЫМ МЕН ДІН

ҒЫЛЫМ МЕН ДІН

936
4 мин
ҒЫЛЫМ МЕН ДІН

Халық арасында қазір мынадай қоғамдық пікір бар. «Бізді ұшпаққа шығаратын ғылым, дін бізді кері тартады». Бір қарағанда ақылды адамның сөзі секілді.

Бірақ біз бір нәрсені ескере бермейміз. Адамның физикалық қырын ғана көреміз. Бұл адамды биологиялық болмыс деп қана танудан шығатын қорытынды. Адамды толық қарастыру қажет. Адам жан мен тәннен және рухтан тұрады. Айпақшы көбіміз жан мен рухты синоним сөздер ретінде қолданып жатамыз. Кей ғалымдар бұл екеуін бөлек қарастырады. Жан деп отырғанымыз жануарда да бар дейді. Ол денеге қозғалыс беріп тұрған механизм. Жануардан жан шықса, денесі сылқ етіп құлайды. Ал рухтың жайы бөлек. Ол адамда ғана бар, адамды саналы жаратылыс етіп тұрған дүние осы. Оның құрамдас бөліктері ақыл, ождан. Одан бөлек сансыз сезімдердің де осы рухқа қатысы бар. Мұны біз хакім Абайдан да аңғарамыз:

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән?

Тереңге бет қоймаса.

Адамды анағұрлым толық танып, оған онтологиялық тұрғыдан баға беру үшін оның барлық қырын ескеру қажет. Адам тек тәннен тұратын жаратылыс емес. Тек тәнінің қажетін өтеумен ол бақыт таба алмайды. Ғылым адамның тәндік қажеттілігін қанағаттандырады, ақылына азық болады, өмірін жеңілдетеді. Бірақ рухқа ешнәрсе тамызбайды. Рухтың азығы басқа каналдан келеді. Құдай тағала адамды жаратқаннан кейін періштелерге:

«Оған толыққанды кескін-келбет беріп, ішіне ӨЗ РУХЫМНАН үрлеп жан бітіргенімде бірден оған (сый-құрмет көрсетіп) сәжде етіңдер» дейді. (38:72) Рух Құдай тарапынан келген. Демек оның азығы сол тараптан болуы тиіс. Періштелердің адамға құрмет сәждесін жасауы оған рух үрленгеннен кейін бұйырылып отыр. Демек, адам CАНАЛЫ болмыс болуымен қадірлі, құрметке лайық.

Жә, енді ғылым мен дінді қарсы қою бізге не береді? Негізінде мұндай таным адамды бөлшектейді. Біртұтас болмысты бөлшектеп, өз ішінде қайшылық туғызатын көзқарас. Ғылым мен дінді соғыстыру – ақыл мен жүректі бір-біріне қарсы қою деген сөз. Тағы да Абайға соғамыз. Хакім айтады: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек». Мәселен, «Мен ғылым дәлелдеген нәрсеге ғана сенемін» деп, тек ақылға жүгініп өмір сүретін адам, ешқашан садақа бермейді. Себебі ақылдан «Мен өз еңбегіммен тапқан дүниені неліктен біреуге беруім керек» деген қорытынды шығады. Ал жүректі іске қоссаңыз, садақа бересіз. Суық ақыл үнемдеуге, қорғануға бейім. Ал ыстық жүректен мейірім шығады.

Мына бір қарапайым мысалға қараңызшы, қаланың бір қиылысында бағдаршам істен шықты делік. Әп-сәтте сол төңіректе кептеліс пайда болады. Әйтпесе әр көліктің ішінде ақылы толысқан ересек адам отыр. Бұл жағдайда ақыл жеткіліксіз болып отыр. Жағдайды реттеу үшін сол көлік тізгіндеп отырған ақылды адамдарды бір араға келтіретін жүйе қажет. Бағдаршамның қызметі – көлік қозғалысын жүйелеу. Тек ғылыммен жүруіміз керек деген сөз ақылмен жүремін, жүйенің қажеті жоқ деген сөзге ұқсайды. Ал дін – жүйе. Адам саналы жаратылыс, бірақ сол сананы, ақылды дұрыс қолдану үшін адам потенциалынан тыс (сверхчеловеческий) күш, жүйе қажет. Ол – иләһи ережелер. Тізгін адамда болса, жер бетінде 8 млд адам болса, 8 млд түрлі норма шығады. Ортақ норма – иләһи сипатта болуы тиіс.

Қысқасы, ғылым мен дінді бір-біріне қайшы қоюға болмайды. Басқаша айтсақ ақыл мен жүректі қосу керек. Екеуінің үдесі бір жерден шығуы тиіс. Исламдағы таухид принципін біз Алланың бірлігі деп қана түсініп жатамыз. Бірақ бұл ұғымды дұрыс түсінгенде адамның жан дүниесінде осы біз айтып отырған біртұтастық қалыптасады. Ақыл, қайрат, жүректің балансы реттеледі. Адам осы арқылы жан тыныштығына қол жеткізеді. Қоғамның да бірлігін – әлеуметтік таухид деуге болады. Бұл бізге қоғам тыныштығын береді. Пазлдардың бәрін бір араға жинағанда барып, толық кескін құралатыны секілді, адамды бүтіншіл көзқараспен танығанда барып «Бізге ғылым да, дін де керек» деген дұрыс қорытындыға келеміз.

Nurbol Seylbek

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс