ҒЫЛЫМ МӘНІ

ҒЫЛЫМ МӘНІ

584
5 мин
ҒЫЛЫМ МӘНІ

1. Адам баласы білем деп талап қылса, білмейтұғын нәрсесі болмайды. Жалғыз-ақ жете білуіне көнбейтұғын не нәрсе?

Құдайдың заты қандай екендігі, қайда тұратұғындығы. Қосымша: (нешік екендігі ешкімнің ойы, білімі меңгеріп біле алмайды. Сонда. Қараңыз 12 томды).

2. Адам баласы не нәрсені үйренемін деп талап қылса, үйренуге көнеді. Жалғыз-ақ үйренуге көнбейтұғын не нәрсе?

Үйренуге көнбейтұғын нәрсе - зереклік. Қосымша: (Құдай тағаланың өзі зерек қылып жаратпаса, кісіден үйренумен зерек бола алмайды. (Сонда).

3.Бір айрылып кеткен соң қайта қосуға көнбейтұғын не нәрсе?

Бір айрылған соң қайта қосуға көнбейтұғын нәрсе - бастық жігіттік. Қосымша: (адамның жастық уақыты, жігітлік күні. Сонда).

4. Адамға алыс болғанда не алыс, адамға жақын болғанда не жақын?

Адамға алыстың алысы - өткен өмір, жақынның жақыны - өлім. Қосымша: (Өткен өмір алыс, оның жуықтасуына үміт жоқ. Адамға жақын болғанда, не жақын? Ажал жақын. Мұны алыстату және қолдан келмейтұғын жұмыс. Сонда).

5. Түзетуге көнбейтұғын не нәрсе?

Түзетуге көнбейтұғын нәрсе - бұзылған ой, қиялы болу, сушмаш майхулиә.... Қосымша (Қанша зор ұрғанмен түзетуге көнбейтұғын нәрсе - бұзылған үй. Біреудің қиялы бір нәрсеге ауып бұзылса, оны түзетемін деу мүмкін лайықты адам қолынан келмейтұғын нәрсе. Сонда.).

6. Бір екі жолдас бар: тізе қосып тұрғанда дүниенің түбін түсіреді, тауды орынынан көшіреді. Екеуінің бірінен-бірін айырып, ешкімнің жолдас қылып алуына көнбейтін не нәрсе?

Екі жолдас: жан мен дене.

Қосымша: (Бір екі жолдас бар: бірінен - бірін айырып ешкім жолдас қылып ала алмайды. Екеуі бір тұрған күнде Құдай тағаланың құдіретпен қылған ісіне ажар көрік береді. Бірінен-бірі айрылса, дәнемеге тұрмай қалады. Ол екі жолдас - жан мен дене. Елден бұрын жолдас тапқан екі жолдас осы -екеуі. Сонда.).

7. Біріне-бірі қарасып, көзін тайдырмастан өмір өткізген не нәрсе?

Бірінен-бірі көзін айырмай қарасып тұрған - көк пен жер. Қосымша: (Біріне-бірі қарасып, көзін тайдырмай тілмірісіп тұрған бір екеу бар. Құдіреттен басқа жан ол екеуінің бетін біріне-бірі қарасып тұруынан тайдыра алмайды. Ол не десең: көк пен жер. Сонда.).

8. Бірін-бірі қуысып, шаршамастан, талмастан өмір өткізген не нәрсе? Бірін-бірі қуысып өмір өткізген - күндіз бен түн.

Қосымша: (Бірін-бірі ұрып жығатұғын кісідей, соңынан қламай, шаршап талмай, қуысып жүретұғын бір екеу бар. Ол не десең, күндіз бен түн. Сонда.).

9. Екеу-екеу бас қосқанның бәріне де бір айырылмақ, өмірінде қосағын жазбастан айдай ғаламға анық белгіленген айрылмай өтетұғын не нәрсе?

Бірінен-бірі айырылмай өмір өткізген ақ бос ат, көк боз ат екі жұлдыз.

Қосымша: (Екеу -екеу бас қосқанның бәріне де бір-бір айрылмақ бар. Жалғыз-ақ айрылмағанда, не айрылмайды? Темірқазық деген жұлдыздың маңайында тұратұғын Ақбозат, Көкбозат,-дейтұғын екі жұлдыз. Сонда.).

10. Кісінің қолына түспейтұғын, еккенмен бітпейтұғын, қуғанмен жетпейтұғын не нәрсе?

Қолға түсе бермейтұғын нәрсе - сабыр.

Қосымша: (қуғанмен жетпейтұғын не нәрсе? Ол-ашу келгендегі сабыр. Сонда.).

11. Күйе тимей, сен тимей кісіні көріксіз қылып тастайтұғын не нәрсе?

Күйе тимей, сен тимей кісіні бұлғайтұғын нәрсе -ашу. Қосымша: (Ол орнысыз жерде ашу. Сонда.).

12. Үш нәрседе сенім жоқ, тұрған орнында тұрады-ау деп ойлауға жарамайды. Бұл үшеуі не нәрсе?

Осы тұрған орнында тұрады-ау деп сенбейтін нәрселеріміздің бірі - жан, бірі -дәулет, бірі-сыр. Екі нәрсеге ие болуына тырысу керек: Бірі -қолыңдағы барың, бірі - түпкі сырың.

Қосымша: (Көзге көрген нәрсе тұрған-тұрған орнында тұрады. Үш нәрсеге сенім жоқ: "Тұрған орнында тұрады-ау!" -деп, ойлауға жарамайды. Ол не десең бірі дәулет... Бұл дуам баста тұрмайтұғын нәрсе. Бірі -жан. Бұл дуам денеде тұрмайтұғын нәрсе. Бірі -сері кісі. Сері кісі көңілінде тұрмайды. Сонда.).

13. Шыққан орнына қайта симайтұғын не нәрсе?

Шыққан орнына қайта сыймайтұғын үш нәрсе: Бірі - мылтықтан атылған оқ, бірі - жайын балық, бірі - ауыздан шыққан сөз.

14. Үш нәрсе тұрған орында тұрып, тұрған орнына сыйымсыз: Бірі - өлген өлік, бірі - от басындағы күл, бірі - бой жеткен қыз.

15. Үш арсыз бар, үш даусыз бар, үш қадірсіз бар, бұлар не нәрсе?

Үш арсыз: Бірі - ұйқы, бірі-тамақ, бірі -күлкі.

Үш қадірсіз: Бірі -жігітлік, бірі-денсаулық, бірі -жақсы қатын.

Үш дауасыздың бірі-мінез, бірі -кәрілік, бірі-өлім

 

(Мәшһүр Жүсіп. шығармалары:

8 том., 51-52 б. 12 том. 204-206 б.).

 

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс