Иісі қазақтың текті болатыны оның өмір сүру дағдысында өзге халықтың салтында кездеспейтін игі дәстүрлері бар. Болашақта кемелдікке, әдепке бастайтын сол ұлттық болмысымыздағы өрнекті қағиданы әр үйге береке сыйлап, әр отбасына нұр кіргізетін нәзікжандылар білуі керек. Біліп қана қоймай, оны күнделікті өмір сүру дағдысына енгізуі керек. Ол отбасындағы қыз баланың тәрбиесіне анасының атүсті қарамауына байланысты. Өсіп қанаттанған ұядағы тәрбие күнделікті санаға сіңіріліп, сүзгіден өтіп, көз алдында көрініс таппаса, қазіргі оң жақтағы үкілеген қызың, болашақ бір әулеттің шырағын жағып, шырайын кіргізетін керемет отанасы, жақсы келін болады деп айту қиын. Бір жақын құрбымның келіні туралы әңгімесі осындайда ойға оралады. «Келінім түскен күннен орамал тартып, сәлем салды. Сәлем салмай-ақ қой,– дегенімде,
– Мама, батаңыз бен ақ тілегіңізді аяйсыз ба? – деп жымиды. Сосын тік айтқанына қымсынып:
– Бата алатын ата-енем бар, мен бақытты келінмін, – деді.
«Жүрегім жылып сала берді. Рас, өз басым ерге шыққаныммен, келін болу бақытын сезінген емеспін. Ия, келін болу – бақыт. Келін болу – жар құшып, бала сүю ғана емес. Бұл сол әулеттің шаңырағына уық болып қадала білу бақыты. Әттеген-ай, сол бақытты түсінбегеніме қынжыламын. Олай дейтінім, келін, яғни «екінші сұрыптағы адам» болғым келмеді. Сол пейілімді түсінген қайын жұртым да маған келін деп қарамады. Бөтен болдым. Үлкенге сәлем салып, қызмет қылып, бата алып көрмедім ғой. Оны өзің білесің құрбым» деді ол қамығып.
Құрбымның айтуынша, оның келіні өзінің күйеуі мен атасының бас киімдерін кіре берістегі киім ілгіштен алып, төргі бөлмеге қойыпты. Себебін сұрағанда «менің жарым отауымның, атам әулетіміздің бас иесі ғой. Әжем үнемі атам мен әкемнің бас киімін жоғары қойып жатып, «еркек – пірің, бас киімін жоғары қой, мерейі үстем болады. Күйеуінің мерейі үстем болуы – ол әйелдің бақыты» дейтін деп жылы жымиған көрінеді. «Отбасымызға келін боп ақ босаға аттағаннан бізге қандай құрмет жасап, көпшілікке өнеге көрсетіп жатқан келініме ішім жылып риза болдым» дейді құрбым.
Шынында отбасы мектебінің қоғамның қалыптасуына, кейінгі буынды татулық пен ізгілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарғанын осындай ізгілікті әңгімеден естіп, разы боласың. Қазақтың бұрынғы текті жермен құдандаласуының да терең мәні бар секілді. «Анасын көріп, қызын ал. Ыдысын көріп, асын іш» деген ата-бабалар тәмсілі осыны аңғартса керек. Өзінің өткен өміріне бармақ тістеп, келінінің әр әрекеті мен әдебіне, отбасынан алған тәліміне сүйсініп отырған құрбымның әңгімесі шынында әйел затына үлгі боларлық дүние екен. Осындайда жас күнімізден құлағымызға сіңген анамыздың әдебі ойға оралады. Ол кісі әкеміздің есімін атамайтын. Ер адамның киімін баспауды, асты әкеміз отырмай бастамауды, алдынан кесіп өтпеуді тағы толып жатқан таусылмайтын тыйымды санамызға сіңіргені сонша, бүгінде сол қағида отанасы болғанда жарасымды жалғасын табуда. Міне, осындай өмірден алынған ұлағатты әңгімеден соң ұлттық құндылықтың өміршең сипат алуы әр отбасының алтын діңгегі әйелге байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА