Неосалафилік мазхаб та емес, ол идеология. Оның күні бітті, модасы да. Ол идеологияның исламды бүркемелеуден, құбыжық қылудан басқа пайдасы жоқ, бүгін үшін айтып отырмын. Кешегі Саудияға пайдасы болса болған шығар, бірақ уахабилік бүгін Саудияға да үлкен қауіп. Оны өздері де айта бастады. Бірақ әзірге сыбырлап қана. Неге олар сыбырлап қана айтады себебі ол идеология сырттан таңылып келді. Мухаммад Сайид Рамазан Бутии да "салафилік мазхаб емес, мүмкін ол ертеңгі құтты болашақтың баспалдағы шығар" депті. Лайым солай болғай!
Құранды Мартин Лютер "Түріктердің Інжілі" деп атапты. Батысты Османлыға қарсы көтеру үшін де Құранды неміс тіліне аудару керек деп тапты. Негізі Құран Батыста ең толық нұсқа ретінде 1143 жылы Роберт Кеттон тарапынан латын тілінде аударылған. Лютер Батыс үшін құдайдың жазасы болған Османлы мен Папаға қарсы күресі жолында Исламды зерттей бастайды. Ислам дінін толығымен жоққа шығарып, оның ойдан шығарылған, Яхудилік, Христиандық пен Паганист арабтардың қорытпасы деген баға береді. Оның мұсылмандарды жек көруінің себебі Құрандағы Иса пайғамбар туралы аяттар болатын. Сіздер білесіздер, Құранда Иса адамзатты құтқарушы, құдайдың ұлы ретінде қабылданбайды. Лютер де Хз. Мұхаммед пайғамбарымызды пайғамбар ретінде танымайды. Лютер үшін Түріктердің діні мен Католик діні арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Христиандардың Османлының аяқ астында езілуінің басты себебі католик діні екендігін насихаттаудан танбайды. Сонымен қатар мұсылмандар үшін, Түріктер үшін жер бетінде христиандардан өткен жаман халық жоқ деп танытады. Осылайша Батыс исламға қарсы бірігу жұмыстарын жан жақты жүйеге келтіре бастайды.
«Неосалафилер өздерінің құрал екендіктерін сезінген кезде нағыз қазақ болып шығады әлі" деген ойымды біраз тарата отырайын. Олар уахабистер. Ал уахабизм Батыс жаулаушыларының ойлап тапқан исламдағы "лютерандық жіктері". Мен бұл жерде терең теологиялық ойлар емес, уахабизмнің қалай ислам әлеміне "шайналып жұттырылғандығын" қысқаша айтпақшымын. Себебі Батыс бұл торды сонау он алтыншы ғасырлардан бастап, жүйелі түрде зерттеп, дамыта бастады. 1517 жылы Мартин Лютердің Виттенберг шіркеуінің маңдайшасына тоқсан бес баптан тұратын өзінің тезистерін асып кеткені туралы білесіздер. Лютердің күресі Папа мен Түріктерге қарсы бағытталды. Лютер папа мен түрік екеуін "тажалдың" рухы мен тәні ретінде танытты. Папа құдайдың қаһарын христиан дінін бұрмалау арқылы, ал түріктер құдайдың жазасы ретінде бағалаған "Түріктердің соғысы туралы" еңбегін жазды. Осы әрекеті арқылы ислам халифатына Батыс болып түрегеліп, бірігуге ықпал етті. Алғашқыда Ватикан Лютерді жазғырғанымен, оның осы ерен еңбегіне бас иіп, кейіннен ислам әлемін бөлшектеудің озық үлгісі ретінде қабылдады. Оның лютерандық революциялық рухын алып, ислам халифатының тізгінін ұстаған Османлыға қарай ойысты. Сол мақсатта сырттан Батыс іштен, "ислам люрерандығының" уахабизм топырағы суарыла бастады. Арадан үш ғасыр өткенде бұл мақсат жүзеге асты. Әлі күнге жалғасып келеді. Бұл ойынды әрі қарай Батыс пен Шығыс сұхбатында исламды эпистемиологиялық мешеулікте қалдырудың таптырмас тұғыры ретінде дамытып келеді. Бұған ислам әлемінде қаншама революциялық рухтағы Маудидилер дайындалды. Мақсат ислам тұтастығын іштен сырттан қатар әлсірету. Бұл ойынды Ресей де қолданды. Кешегі Кеңестік режим де қолданды. Себебі ориенталистика Шығысқа бағытталған тек құрал болып қала береді. Ал бізде әлі күнге дейін университеттерімізде "шығыстанушылар" мамандық ретінде дайындалып келеді. Кешегі сана бүгінге жауап бермесе де оның аты мен заты сіресіп тұр, мызғымай. Сонымен уахабизм яғни исламдағы лютерандық тұғырдың сойылын соғып жүргендер кімдерге құрал болып келе жатқандығын сезінетін кез келе жатыр. Саудия оның ішінде "Мекке Мукаррама" бүкіл ислам әлемінің рухани орталығы. Сол орталықты уахабизм арқылы ислам әлемінен изоляциялап, керісінше сол орталыққа құндылық ретінде емес, тек қажылық парыз орындау жеріне айналдырды.