Шәкерім Құдайбердіұлы (1858–1931) — хакім Абайдың үлкен ағасы Құдайберді Құнанбайдың төртінші баласы. Шәкерім қазақ әдебиеті мен мәдениетінің шоқтығы биік тұлғасы, ақын, философ, өзіндік философиялық мектебін қалыптастырған ойшыл, тарихшы және композитор, ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының баспаға дайындалуына үлкен еңбек сіңірген адамдардың бірі. Шәкерімнің шығармашылығы — адамгершілік, имандылық және ғылым-білімнің тоғысқан нүктесі. Шәкерім 7 жасынан жетім қалып, немере ағасы Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Абайдың бағыт-бағдарымен ол шығыс пен батыс әдебиетін терең меңгеріп, араб, парсы, түрік және орыс тілдерін толық игерді. Оның «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» секілді дастандары қазақ поэзиясындағы махаббат пен еркіндік тақырыбын жаңа белеске көтерді. «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі — қазақ тарихнамасындағы құнды жұмыстардың бірі. Шәкерім Құдайбердіұлы Пушкин, Лермонтов шығармаларын және Физулидің «Ләйлі-Мәжнүнін» қазақ тілінде сөйлетті.
Оның бүкіл ғұмыры «Адам деген не?» деген сұраққа жауап іздеумен өтті. Ол өзінің «Үш анық» атты философиялық еңбегінде жанның мәңгілігі мен ар-ұяттың рөлін ғылми жолмен талдайды. Оның байымдауынша, адамды түзейтін күш — билік те, байлық та емес, тек қана «Ар ілімі». «Анық бақыт — арлы болу, таза еңбекпен мал табу», — деген жолдар оның бүкіл өмірлік кредосын айқындап берді. Осылайша Шәкерімнің ойы Абаймен тіл табысып жатады. Ғүлама ғалым 1905–1906 жылдары Меккеге қажылыққа барып, жолшыбай Стамбул, Париж кітапханаларында ізденістер жасап, дүниежүзілік біліммен сусындайды. Бұл оның көзқарасының кеңеюіне, ислам құндылықтары мен заманауи ғылымды ұштастыруына болған көзқарасын қалыптастырды.
ХХ ғасырдың басындағы саяси қуғын-сүргін Шәкерімді де айналып өтпеді. Ол 1931 жылы кеңестік биліктің жазықсыз құрбаны болып, қуғын сүргінге ұшырады, оның есімі мен еңбектеріне ұзақ жылдар бойы тыйым салынды. 1931 жылы күзде қанқұйлылықпен саяси қастандық жаслып, 73 жасында өмірден өтеді. Тек 1988 жылы ғана ақын ресми түрде ақталып, мұрасы халқымен қайта қауышты.
Шәкерімнің өмірінің соңғы кезеңінде Саят қорада жалғыз тұрып, тек шығармашылықпен айналысуы оның ішкі еркіндігі мен рухани тазалығының белгісі еді.
Шәкерім Құдайбердіұлы — қазақ руханиятының темірқазығы. Оның қалдырған мол мұрасы бүгінгі қоғам мен ұрпақтар үшін өзектілігін жоймайды. Ол салған «Ар жолы» — адамзатты игілікке, парасаттылыққа, ілімге және өзара құрметке жетелейтін мәңгілік жол. Шәкерімтану бүгінде дүниежүзідік танымал ілім Абайтанумен терезесі тең, іргелі ғылым саласына айналды.