АМАЛДЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ АЙНАЛДЫРА БІЛУ...

АМАЛДЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ АЙНАЛДЫРА БІЛУ...

1
2 мин
АМАЛДЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ АЙНАЛДЫРА БІЛУ...

Бір досымның өмірін астаң-кестең еткен ауыр дерттен айығуы үшін оған үш жыл бойы дәрі-дәрмекпен қоса, аптасына он сағаттан кем емес когнитивті-мінездік терапиямен жүйелі айналысуға тура келді. Үш жылдық сабыр, үш жылдық тәртіп.

Жүректегі иманды тірі ұстау да жай тілекпен болмайды. Аптасына кемінде он бес сағаттық тұрақты рухани машық, зікір, ой толғау, құлшылық – жанның күтімі.

Қай ғылымды болсын игеріп, іргесін бекіту үшін бір жыл, тіпті одан да көп уақыт бойы аптасына жиырма сағаттан кем емес маңдай тер керек. Ілім өзінен-өзі қона салмайды.

Жұбайыңмен жарасымды ғұмыр, бала-шағамен берекелі байланыс – аптасына кемінде жеті сағат шынайы әңгіме, көңіл бөлу, бірге болуды талап етеді. Отбасы да – еңбекті қажет ететін аманат.

Орташа болса да абыройлы өмір сүруге жететін жұмыс – аптасына елу сағаттан кем болмайды. Нәпақа да еңбексіз келмейді.

Ешбір мақсат құр қиялмен орындалмайды. Бұзылған мінезді, бүлінген өмірді бір-ақ түйір дәрімен түзеп жіберетін сиқыр жоқ.

Қандай кітапты оқысаң да, оны жай парақтаумен мінез түзеліп, дерт жазылып кетпейді. Білім – шырақ, бірақ өзі жүрмейді. Оны алып жүретін – сенің амалың.

Табанды еңбек, күнделікті тәртіп, саналы әдет, айқын мақсатқа қарай жасалатын аз да болса тұрақты қадам – міне, жол осы.

Құлағанды білу – тұрғанды білумен бірдей. Сүрінбей өсу жоқ.

Әр білгеніңді күнделікті ісіңе айналдырмайынша, ол сенің өміріңе сіңбейді. Білім мінезге айналмаса – жүк қана.

Дінімізде тәулік бойы жасалатын жүздеген сүннет пен әдеп бар: ұйқыға жатардағы зікір, оянғандағы шүкір, жүру әдебі, намаз тәртібі, мешіттегі мінез, кездесудің, қоштасудың әдептері. Мұның бәрі – ілімнің өмірге айналған үлгісі. Яғни білім жүректе ғана емес, күнделікті тіршілікте тірі болуы үшін берілген жол.

Жалаң білім адамды өзгертпейді. «Білгеніңмен амал қыл» деу оңай. Бірақ бар мәселе – сол амалды күн тәртібіне айналдыра білуде.

Көп сөздің түбі біреу: «Дұрыс жаса!» дейді.

Ал адамның ішіндегі шын сұрақ басқа:

«Жарайды, нақты қай жерден, қалай бастаймын?»

Abdulakhad SMANOV

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс