ӨСЕК, МАҚТАНШАҚТЫҚ – ӨТІРІККЕ АПАРАР ТУРА ЖОЛ

ӨСЕК, МАҚТАНШАҚТЫҚ – ӨТІРІККЕ АПАРАР ТУРА ЖОЛ

814
4 мин
ӨСЕК, МАҚТАНШАҚТЫҚ – ӨТІРІККЕ АПАРАР ТУРА ЖОЛ

Пенденің пешенесіне жазылған азғана өмірді мағыналы, мәнді өткізгенге не жетсін? Кісі сыртынан әңгіме айту, оны тәлкек қылып ғайбаттау, өтірікке әуес болу түбі жақсылыққа апармайтынын ұлы Абай қара сөздері мен өлеңдерінде тайға таңба басқандай етіп мұрағаттап кеткен.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз...

Ал Абайдың «бес нәрседен қашық болуға» қатысты бес жаман қасиеттің бірі – өсек. Ол қасақана айтылып, адамға зиянын тигізеді. Оны қара сөзінде және өлеңінің бірнеше жерінде ашынып тұрып тілге тиек етеді.   Жиырма төртінші қара сөзінде: «Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» дейді. Ал «Бойы бұлғаң» өлеңінде:

Ел қағынды,

Мал сабылды,

Ұрлық, өтірік гуде гу.

Байы - баспақ,

Биі саспақ,

Әулекі аспақ сыпыра қу, деп кежегесі кері тартқан қоғам сиқын ашып көрсетеді.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде:

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап-

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап,

деп жырлайды.

Осының барлығы иманның жоқтығы. Өсек, мақтаншақтық – өтірікке апарар тура жол. Абай барша адамзатты осы күнәдан сақтамақ ниетте «бес нәрседен қашық болуға» шақырады. Шынында дана Абайдың қандай насихатын тыңдасаңыз да көкірегіңіз нұрға, жүрегіңіз иманға толады.

Адам ақылмен іс етсе, парасаттың парқын ұқса, бойын жағымсыз әдеттен аулақ ұстайды. Ашуға немесе жоғарыда аталған басқа да сезімге беріліп, ойланбай сөйлеп, өсек пен іріткінің себепшісіне айналмайды. Өйткені өсек, сөз тасу – ара-қатынасты бұзып, сенімнің сарқылуы, отбасы құлдырауы, достықтың әлсіреуі, жанжал шығуы секілді жаман әрекетке апарады. Сөз тасуды әдет қылған жан өзгелермен сенімді байланыс құра алмайды. Бұл жаман әдет бара-бара оның мейірім, адамгершілік сезімін бәсеңдетеді. Жақындары одан сескеніп, ара-қатынасты алшақ ұстауға тырысады. Мына мысал соның нақты дәлелі. Бір ауылда көп сөз таситын бір өсекші адам болыпты. Бұның өсегінің құрбаны болған бір қарт кісі оған:

– Бұл таратқан өсегің арқылы маған ғана емес, бірнеше адамға зияның тиді, ұялсаң етті, – дейді. Әлгі өсекші:

– Мен бұлай боларын білгенім жоқ, айтқан сөздерімді кері алдым, мені кешіріңізші, – деп жалынады.

– Кері алдым деймісің, шынымен кері алғың келсе, үйіңнен құс қауырсынды жастық алып кел, – дейді. Бұл адам дереу үйіне барып жастық алып келеді. Қарт кісі қалтасынан бәкісін шығарып жастықты осып жібергені сол-ақ еді, ішіндегі құс қауырсыны желмен жан-жаққа шашыла бастайды. Қарт кісі:

– Енді барлық қауырсынды жина, сонда ғана кешіремін, – дейді. Аузы аңқиған әлгі адам:

– Ақсақал-ау, ұшып, тарап кетті ғой, қалай жинаймын? Қарасаңызшы, ағаштың, шөптің арасына, үйдің қуысына дейін кіріп кетті, бұларды жинау мүмкін емес қой, – дейді. Сонда ақсақал:

– Тура сенің айтқан өсегің сияқты жан-жаққа тарап кетті, солай емес пе? Таратқан өсектерің қаншалықты ұзаққа кеткендігін, кімнің санасында қандай нәтижелерге жол ашқандығын пікірлей алдың ба енді? – деген екен.

Шынында өсек, өтірік, мақтаншылық, бойкүйездік және басқа да жағымсыз әдеттер адамның адамшылық асқақ бейнесін аласартып, төрдегі басын төменге түсіріп, ел алдындағы абыройдан бір сәтте айырып пұшайман халге түсіреді. Сондықтан ғұлама Абайдың даналығынан қуат алып, бабадан жеткен ұлағатты әңгімені санаға сіңіріп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренгеніміз жөн болар.

Гаухар ҚОЖАХМЕТОВА

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс