Соғыстан ойсырай жеңіліп, тұтқынға түскен Сұлтан Баязидті Әмір Темірдің алдына алып келіпті. Баязид бір көзінен соқыр екен. Оны көрген Әмір Темір қарқылдап күліпті. Күлкісін жақтырмаған сұлтан, Әмір Темірге қарап:
- Дүние кезек деген, бүгін мен торға түскен тотықұстай торықсам, ертең менің басыма келген күн, сенің басыңа келмесіне кім кепіл? Жаныма жара салған күлкіңді доғарсаң еді!
Сонда Әмір Темір:
- Әй Баязид сұлтан сенің бір көзінің соқыр екеніне күліп тұрған жоқпын. Сенің бір көзің соқыр болса, менің бір аяғым ақсақ. Он сегіз мың ғаламды жаратқан патшалардың Патшасы, шебер Алла мына дүниенің жартысын - мен сияқты ақсаққа, қалған жартысын сен сияқты соқырға берсе, Жаратқан Жаббар Иеміздің алдында биліктің де көк тиын құны жоқ екен-ау деп соған күліп жатырмын деген екен.