Америкалық психиатр Скотт Пек бүй дейді. Менің қабылдауыма ем іздеп көптеген невротик келеді. Оларды түрлі невроз мазаласа да, бәріне ортақ бір қателік бар. Ол қателік көбіне дұрыс тәрбие бермегеннен немесе араласатын ортасымен дұрыс қарым-қатынас ұстанбағаннан болады. Мен оларға адам мылқау мақұлық емес, рухани болмыс иесі екенін үнемі ескертіп отырамын. Мейірім-махаббатқа бөленген адам, өзгені де дәл солай мейірімге бөлеуі тиіс. Мейірім-махаббат — ол алапат РУХАНИ ҚУАТ. Алайда бұл энергия да сарқылады. Оның қайтарымы болмаса қуаты сарқылып невроз болады.
Үйленгеніме біраз жыл болған. Үйде өкпе, реніш жиілеп кетті. Ажырасып кетуге сәл-ақ қалдық. Оның алдын алу керек болды. Ел-жұрт 8 сағат жұмыс істесе, мен 16 сағат жұмыс жасай бастадым. Жетіскеннен емес, әйел бала-шағам невроз болмас үшін. Сегіз сағат кабинетімде пациенттерді емдеймін, оның ақысына айлық аламын. Бұл менің материалдық табысым. Қалған сегіз сағат үйге көңіл бөлемін. Ақысына олардың мейірім-махаббатына бөленемін. Бұл отбасымыздың РУХАНИ ТАБЫСЫНА айналды.
Енді бала тәрбиесіне оралайық. Ата-ананың міндеті де сол. Баланы ерте жастан осыған үйретеді. Ата-ана осы міндетіне салғырт қарағанда, баласы өсе келе рахметі жоқ, алғыстан жұрдай "рухани мүгедек адам" боп қалады. "Бармасаң-келмесең сарт боласың, алмасаң-бермесең жат боласың" деген сөз осы орайда шыққан. Ата-анасына жаны ашымайтын бала өзге түгілі өзіне жат болып кететінін лагерден көп көремін. Жаттық, бөтендіктің белгісі сол балада зейіні жоғалған. Зейіні бұзылған бала — бала емес, басқа бәле боп бітеді. Бұл бәленің бастауы адамды рухани мүгедек (духовный инвалид) қылып өсіргеннен болады.
Сейілбек МЫРЗАБАЙ