Әбу Бәкір Кердерінің:
«Сопылық жолы ауыр жол,
Ұстансаң оны тәуір жол.
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол», – дегеніндей, ақиқат жолындағы сопылар заһири (сыртқы) шариғатты жетік білу мен оның үкімдеріне берік болуды адамды батыни (ішкі) көркемдіктерге жетелейтін маңызды баспалдақ деп білген.
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз да бұл ақиқатты тереңнен қозғап:
«Шариғатсыз шешім болмас Тариқатта,
Тариқатсыз шешілмейді Хақиқат та.
Үшбу жолдар айқындалар шариғатта,
Барлығын да шариғаттан білмек керек», – деп, шариғаттың негіз екенін орынды атап өткен.
Осы себепті сопылар жүректі тазартудың Аллаһ Тағала мен Оның Елшісінің ﷺ жолынан басқа жолы жоқ екендігін ерекше ескерткен. Тасаууфқа берілген анықтамалардан бұл ұстанымды жиі көреміз.
Сопылардың түсінігінше, тасаууф пен тариқат – бұл:
▪ бос іс пен бос сөзден арылу;
▪ ешкімге масыл болмау;
▪ уақытты тиімді пайдалану;
▪ ғашықтық теңізіне сүңгу;
▪ діннің мәнін терең ұғынып, өмірді сол мәнге сай сүру;
▪ ғапылдықтан ояну, тәубе, тәуекел, уәжд, сабыр, шүкір; қорқыныш (хауф) пен үміт (ражә); зүһд пен тақуалық халдері мен мақамдарын бастан кешіп, Хаққа қауышу;
▪ Жаратқанға опалы болу;
▪ кереметке емес, истиқаматқа (туралық пен тура жолға) ұмтылу;
▪ өзгені емес, өз нәпсісін сынау;
▪ әрбір жаратылыстан Алла Тағаланың барлығы мен бірлігіне меңзейтін белгілерді тамашалау.
Міне, Хақ жолаушысы осы ұстанымдарды өмірлік принципіне айналдыра алған жағдайда ғана рухани кемелдіктің шыңына жете алмақ.
“Тасаууф тұңғиығынан” телеграм каналынан
Салтан Сайранұлы