МӘШҺҮР ЖҮСІП: БҰРЫНҒЫ УАҚЫТТА МОЛДА АЗ ЕДІ...

МӘШҺҮР ЖҮСІП: БҰРЫНҒЫ УАҚЫТТА МОЛДА АЗ ЕДІ...

1148
6 мин
МӘШҺҮР ЖҮСІП: БҰРЫНҒЫ УАҚЫТТА МОЛДА АЗ ЕДІ...

,,Бұрынғы уақытта молда аз еді, қажы деген, ишан деген атымен жоқ еді. Құлақ естіген жерде біздің бұл Орта жүзден қажыға ең әуелі барған Уақ Нұркен бай еді. Бұхара жолымен барып, төрт жыл жүріп келген екен. Онан соң Баянауладан қой жылы кеткен екен: бірі ноғай Байжан хазірет деген кісі, бірі қазақ Самай абыз деген кісі. Соған биыл қырық тоғыз жыл болды. Ол екеуі де сол жақта өлді. ,,Елу жылда ел жаңа,, дегеннің мәнісі мұндай екен. Дәл осы күнде ит сегіз күшік тапса, соның біреуі ғана ит болып, енесінің соңынан ереді.

Өзгесі қажы ма, ишан ба, халфе ма, молда ма, не екені белгісіз болып кетті. Бұл айтылған затлардың аз күнінде қазақ бай да еді, пейілді де еді, ашу -аразы жоқ, тату- тәтті еді. Осы күнде қажы, ишан, молда, халфе көбейген соң , қазақтың араздығы сол шамада болды. Екі ағайынды кісінің баласы бірінің өлігіне бірі барыспайтұғын болды. Ойлаймын: ,,Осы затлар көп болып, шарапат иесі болып, жұртты түзегені жоқ, ыңғайы бұзды-ау!" - деп. Ақ қағаздың жүзінен қара танып, ақ пенен қараны айырып халал ниетпен тұрған бір молда жоқ. Сияның қаралығы қандай болса, ішін сондай қаралықпен толтырып алып, партия басы болып, өсек жүргізуге әбден жетік.

Қай жерден қажы көрсең, партия басы , қай жерден ишан көрсең, партия басы, қай жерден халфе көрсең, партия басы, қай жерде молда көрсең партия басы. Бұл күнгі молда қазақтың соңынан ереді, қазақ малдың соңынан ереді. Мал далаға өреді, сонан соң жұрт қалай оңсын, қалай түзелсін? Хайуан малды мал иесі өз соңынан үйретіп, жүргізіп алса, сонан ол мал біткен бай болғансыған молда соңынан ерсе, ол молда Құдай сөзі Құран мен пайғамбар сөзі хадис шәріптің соңынан ерсе, сонан соң жұрт әбден жұрт болып, бір түрлі түзулікке айналар еді.

Қазақ ішінде жүрген молдалар не оқыды, не білді? Әуел оқығанда ,,Әліпби,, оқыды, оның мәнісін білумен жұмысы жоқ. Онан соң ,,Абжад,, оқыды, оның мәнісін білумен жұмысы жоқ. Онан соң ,,Иманшарт,, ,,Әптиек,, ,,Құран,, оқыды, оның мәнісін білумен жұмысы жоқ. ,,Кесік бас,, ,,Көрүң қадір,, ,,Ақырзаман,,. Бұлардың бәрін оқыған соң: араб, парсы оқыды. Бәрінің қарасы мағына оқыған, білгенін көңіліне тоқыған жалғыз еді. Жоқ! Өңшең қараны оқумен ақ жүрегі қап -қара болып алып, басына сәлде орап: ,,Мен хазірет болдым, мен халфе болдым!"- деп жұртты бұза бастады.

Біздің қазақ жұртында бала оқытып жүрген екі молда молдалық салыстырыпты. Сонда бірі: ,,Әліп син әбіге сәкін аб жин син, жадалға сәкін, жәд, абжад,, депті. Онда екіншісі: ,,Әліп екі усын ан әліп екі а син, ин әліп, екі үтір, ун, ан, ан, ун,,- депті.

Отырған жұрт:

- Міне, соңғысы дөкей молда екен. Бір әліпті неше саққа жүгіртіп жіберді ғой!"- десіп, шулап қоя беріпті. Сонан:

- Пәленшенің молдасы молда ақ екен, терең оқулы екен, пәленше молданың аузын аштырмады!- десіп мақтасып, қолдан қолға түсірмей кетісіпті.

Ғалым үш түрлі. Нан ғалым, тән ғалым, жан ғалым. Нан ғалымнан талап әуел баста оқуды Құдай үшін іздеген емес, молдаларының төрде отырып, сыйлы болғанын көріп, тамақ тойғызу үшін, тегін ас, тегін тамағы бар мешіт, медресені қыдырып, қай жерде қай ишанның көжесі мол десе, соған қаңғыра береді. Есі- дерті тамақта болып жүріп, оқыған оқу, өмір бойы оқыған білгенін қарнының қамына жұмсайды. Оңдайлықпен оқып, молда болғандар ,,Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып,, ат тезегін қалайша төңкеріп, аударудың ғылымына әбден мәһір болады.

Тән ғалым мағына білумен жұмысы жоқ, сарафа, наху, мантық оқып, талас -егеске әбден ұста болып: ,,Пәлен қай байдан, пәлен не сыйғада, пәлен қай қызиядан!"- деп. Сұғыры қайсы, күбірі қайсы, мұзығ не нәрсе, мұхмол не нәрсе?- деп, мәжілісте өзінен басқаны сөйлетпеске ұста болып, мұнымен барып бір жерге халфе, не бір жерге хазірет болып тұрып, наху, мантықтың қағидасын екі кісіні араз қылып, ғұмырында бірін- бірі көрместей жолға салып жібереді. Хақ жолға, таупық , һідаятқа жұртты бастаумен жұмысы жоқ. Бір махалланы екі партия қылып ұстап: ,,Құран хатымда солай деген, хадис шарипте бұлай деген,,- деп, надандарды қара сөзбен мас қылып, адастырып, есінен жаңылыстырып әуре қылады да жүреді.

Жан ғалым - Алла тағаланың фазыл уа кәррәманына алынған пендесі. Нанмен де жұмысы жоқ, ат көтеріп , атақ шығарумен де жұмысы жоқ. Оңашада халуат жай табылса, жаны сонда сая тауып, ,,Каламалланы,, оқып, ,,ішпей мас, жемей тоқ,,. Оның қасында бай да бір бас, күшік те бір бас. Ешкімді лытғатына алмай, ,,Он сегіз мың ғаламның жаратушы Құдайым бар,, дейді.

Ғылым, білім, мағына деген осындай кісіден табылады. Не нәрсенің мүжәсін қойып, ақиқатына өтуге ыждаһатты болады.

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс