Қазақ тарихында ұлтына қызмет еткен дара тұлғалар баршылық. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі кейінгі інілер, кезекпенен өлінер, бұрыңғыдай көрінер», – деп ұлы Абай айтқандай тарих сахнасында уақыт өз сүрлеуімен, өзіне тән аяңмен ырғалып өтіп бара жатыр. Бір-бірін қайталамайтын, бір-біріне ұқсамайтын кезеңдер, бірін-бірі басып озып бара жатқан ұрпақ жалғастығы, қоғамдық өзгерістер тарих томдарында қатталып жатыр.
Қаншама әсірелеп әспеттесе де, бұра тартып бүркемелесе де, қара жазып лағынеттесе де тарих шындығы замана бет-пердесін күні келгенде сапырып тастап, шындықты ашады, өз кесімін өз бітімін айтып береді. Бірақ өткенге үкім шығара алмай келер ұрпаққа аманаттап, салауат айтады.
Атақты “Біржан мен Сара айтысында” Біржан сал:
«Қазақта бір құтым бар Мұса Шорман,
Үзілмей келе жатыр ескі қордан», десе
Мәшһүр Жүсіп:
“Бес жаста “бісмілла” айтып жаздым хатты,
Бұл дүние жастай маған тиді қатты
Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде,
Мұса еді қосақтаған “Мәшһүр” атты»,-дейді.
Ал белгілі орыс ғалым, Ш.Уәлихановтың досы Г.Н. Потанин: «Мұса Шорманұлы – Шоқанның туыс ағасы, ол даладағы өте беделді адам еді, далабасшыларының құрметіне ие болды, орыс полковнигі деген шен алған, біраз жылдай Омбыда тұрды, екі рет Петерборға барған, жалпы айтқанда, қазақтың нағыз еуропаланған тұлғасы» деп жазды.
– Мұса мырза қазақтың қара өлеңін ойға түйген, қара сөзін жанға тоқыған ақын жанды жан-жақты дарынды тұлға болыпты. Сөзімен де, ісімен де баурап алып, білімімен білігін айқындай білген зерделі жан екен. Ол қазақ тарихында Мұса мырза ақылды, абыройлы, тапқыр шешен би, ел басқарушы ретінде қалды. Сонымен қатар аға сұлтан бола жүріп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін арттыруда, мәдениетін дамытуда аса зор елеулі өзгерістер енгізген. Ол қазақ халқының мінез-құлқын, салт-санасын, шаруашылығын, заңын өте жетік білген.
– Мұса мырза өз дәуірінде арам пиғылды, ұлтты ұлтсыздандыру саясатына қарсы тұрды. Бастарын қатерге тіге жүріп күрес жүргізді. Орыстың кен іздеуші көпестері келе бастағанда оларға жол көрсетуші қазақтарға жер-су аттарын орысшаламау жағын қатаң тапсырып отырғанын көреміз.
– Мұса мырза Қазақ жастарының білім алуына үлкен көңіл бөліп, көшпелі дала гимназиясын ашу жөнінде Батыс Сібір басшыларына бірнеше рет хат жазды. Бұл науқанда Мұса мырза бабамыздың үлгі болар тағы бір қасиеті, оқимын деп талаптанған жастардың не жеріне, не тегіне жүзіне, руына қараған жоқ. Бар қазақтың баласын бауырына тартты, арқасынан қақты. Білгендерін үйретіп бақты. Ол өз қаржысына ол Баянауылда мешіт, медресе салдырады. Інісі Исамен бірге Павлодар, Ақмола, Санкт-Петербург қалаларында мешіт салуға қаржы береді.Баянауылда мешіт, медресе салудың басы-қасында да болып 1844 жылы салынған ағаш мешіт жанып кетіп, оны 1856 жылы қайта салдырған. Осы мешіт, медреселердент қасиетті ислам дінін насихаттап, ел-жұртын білімге, адамгершілікке, ақиқатқа бастаған дін қайраткерлер көптеп туып шықты. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп:
“Көз, көңіл құлын жастан нұрға тойған,
Таусылмас көл, теңіз қып құдай қойған.
Қазіреттен сабақ алып, оқысын деп,
Күттіріп Мұса мырза бір қыс қойған”,-деп жазады .
– Мұса мырза қоғамдық істермен белсене араласып, өзінің туған жиені, белгілі ғалым Ш.Уәлихановпен тығыз байланыста болды. Француз және орыс тілдерін жақсы меңгерген Мұса мырза Омбыда қазақ қыздарын оқытып, тәрбиелейтін интернат ашқан, сонымен қатар, мешіт салғызып, бұқара халықтың балаларының оқуын қамтамасыз ету үшін мектеп ашқызып, жергілікті ұлттан кадрлар дайындауға көп көңіл бөлген.
– Мұса мырза өз халқының салт-дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін, этнографиясын терең зерттеп, құнды мақалалар жазды. Баянауыл қазақтарының қол өнерін сипаттайтын оқшантай, кісе, ертоқым, ыдыстар, музыкалық аспаптар, құрал саймандар тағы басқа бұйымдар мен асыл тұқымды жылқыларды Парижде болған дүниежүзілік, Мәскеуде болған бүкіл ресейлік көрмелерінде ұсынған.
Бұл тәлімнің, бұл ұлағаттың астары қайда жатыр? Нағыз күшті ел, білімі күшті ел болатынын олар қайдан үйренді, кімді үлгі тұтты?
Шынайы білімнің шыңына көтерілген қазақ ғылымы мен білімінің шамшырақтары болған зиялы қауым өкілдері көктен түсіп, жерден шыққан жоқ. Киіз туырлықты қазақ үйінде шыр етіп дүниеге келді. Өзінің дархан даласын көріп, танымын қалыптастырса, тәлімін алдыңғы буын ұлы тұлғалардан алды. Соларға ұқсап бақты, солардың игілікті істерін үлгі тұтты. Әсіресе ұлтжандылық, ұлтқа қызмет ету, ұлт үшін құрбан болу сияқты қасиетті сезімдерді қастер тұтты. Ата –баба дәстүрінде тәрбиеленген ұрпақтан ғұлама ғалымдар, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлері еліне ерен еңбек етті.
Саясаттың шалғысы қаншама рет белден шалса да рухани тамыры тереңге кеткен қазақ ұлты тәуелсіздік нұрымен рухтанып, қайта жасарып қайта көгере бастады. Алаш ұранын асқақтатқан арыстар тәлімі текті ұрпақтың ұлтжандылық рухына от беріп, жігерін жаныды.