Адам - Алланың ең ұлы туындысы. Яғни, сіз бен біз Алланың ең ұлы туындысымыз. Сіз соған сенесіз бе? Сіз шынымен-ақ өзіңізді "Ұлы туындымын" деп сезінесіз бе? Енді, шынтуайтына келгенде, ұлы туындыда өзге біреулер сын тағатындай ешқандай да кінәрат болмауы керек қой?! Солай емес пе? Мәселені осы тұрғыда таразыласақ, әуелі өзгелерге назар аударып көрелік. Енді олар да адам, олар да Алланың ұлы туындысы. Ал, өзіміз білетін адамдарды ой елегінен өткізе бастайық. Енді қайтеміз, мұндайда: "Кемшіліксіз адам болмайды" деп қоямыз дә. Сонда ол кімнің кемшілігі?! Біздікі ме? Олай дейін десек, біз өзі "туынды" емеспіз бе? Демек... Айтудың өзі ыңғайсыз. Бірақ енді "Ұлы туынды" кінәратын бәріміз де көріп тұрмыз ғой. Осы жерде бір кәкір бар. Ал ол қандай кәкір?
Иса пайғамбар бірде қалың көпшілікке былайша уағыз айтыпты деседі:
"Сендер неге Құдайға мұң шағасыңдар? Неге оның берген риздық несібесін қанағат тұтпайсыңдар? Әлде сендер Жаратушы иенің өздеріңнің жай-күйлеріңнен xабары жоқ деп ойлайсыңдар ма? Неге Одан қол жайып сұрайсыңдар? Әлде оның сендерге бергені жетімсіз бе? Онда неге осыншалықты ағаттыққа жол берген Қүдайға сыйынасыңдар?" дей келе: "Мен сендердің ғибадат жасап жүрген діни ғимараттарыңды бұзып, орнына үш күнде жаңа ғибадатxана салып беремін" дейді. Сонда бір xауари: "Олай ету мүмкін емес қой. Мына ғибадатxананың өзі 40 жылда әзер салынды" дейді. Оған Яxия: "Ғибадатxана жүрекке салынуы тиіс" деп жауап қайтарады.
Өзімізге келейік. "Мешіт - Алланың жердегі үйі". Осы ыңғайдағы уағызды талай естігенбіз. Ал пайғамбарлар ол мешіттің жүректе болуы қажеттілігін айтады. Себебі, Алланың үйі. Алланың үйі болған соң, әрине, ол жер кіршіксіз таза, күнәдан пәк болуы керек. Ал біздің жүрегіміз күнәдан пәк па? Күнәні былай қояйық, біз ол жерде мешіт бар деп те білмейміз ғой. Біз бәрін сырттан іздейміз. Алланы да. Себебі... Себеп көп. Ең бастысы, өзіміздің "Ұлы туынды" екендігімізді білмейміз. Ал оны қай кезде білеміз? Дұрыс. Адам болған кезде.
Әңгімемізді қайтадан басынан бастайық. Сонымен "Адам - Алланың ұлы туындысы" дедік. Бірақ біз оны "Адам болған кезде" біледі екенбіз. Енді сауалды төтесінен қоялық. Сонда адам деп кімді айтамыз? Жауап айқын. Адам - Алланың ұлы жаратылысы. Себебі, Інжілде айтылатынындай: "Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан". Бұл тұрғыда Құран кәрімде Алла тағала адамды өзіне орынбасар етіп жаратқандығы туралы айтылады. Осы дәйектің өзі-ақ адамның Алланың ұлы туындысы екендігін айғақтайды. Ұғынықтылық үшін әуелі "орынбасар" сөзіне мән беріп көрелік. Мән бергенде, орынбасар деген сөз - бастапқы негізді алмастырушы деген ұғымды береді. Яғни, шамалы әсіреңкілеп айтсақ, "Оны да Алла" деп қабылдасақ болады. (Осы жерде Мансур Халлажды қаперге алғанымыз жөн). Адам жаратылысына осылай мән берсек, оның Алланың ұлы туындысы екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Бірақ біз соны, яғни өзімізді танымай жатырмыз дә. Ал біз оны қай кезде танимыз? Тағы да дұрыс. Мұсылман болған кезде.
Сіз бен біз сабырлы, инабатты, иманды адамдармыз. Солай бола тұра өзіміздің Алланың ұлы туындысы екендігімізді сезіне алмай жатырмыз дә. Мұсылман болсақ та. Сонда кінәрат неде? Оның үстіне ана жексұрын оңбағандарды қалайша "Алланың ұлы туындысы" деп атауға болады. Олар бар ғой, тіпті еске алғанның өзіне қаның қарайып кетеді. Біз болсақ мақұл, шамалы кем-кетігімізді жөндесек, Алланың ұлы туындысына айналып та қалармыз. Ал аналар... Иә, олардан қайыр жоқ.
Алайда біз "Өзімізді мұсылман болған кезде танимыз" дедік. Осы жерде Алланың ұлықтығы көрініс береді. Алла адамның өзінің ұлы туындысы екендігін сіз бен біз сияқты ұлағатты адамдарға емес, әлгі аналар сияқты шектен шыққан жексұрындарға, ұры-қарыларға, қанпезер қарақшыларға, тексіз құлдарға, өз перзенттерін тірідей жерге көмген адам кейпіндегі албастыларға түсіндіргенді жөн көріп, сол жерге Пайғамбарымыз (сғс) арқылы ислам дінін алып келеді. Сол-ақ екен әлгі адамдардың бәрі адамзаттың абзалына айналып шыға келеді. Бәрі де Алла Тағала әу баста жаратқан ұлы туынды кейіптерін қайта табады. Есімдері Құран кәрімде дәріптеліп, жәннатпен сүйіншіленеді. Себебі, мұсылман. Енді сауал. Сонда мұсылман деп кімдерді айтамыз? Жауап айқын. Мұсылман деп... Бұл сауал жауабын әркімнің өз түсінігіне қалдырайық. Ең бастысы, мұсылман адам ұдайы: "Мен болмайын, ол болсын" деген түсінікте тұруы керек. Рас, ондай түсінік барлық адамда бар. Тек ол түсінік ауқымы өте шектеулі дә. Мәселен біз: "Мен болмайын, ол болсын" деп баламызға, отбасымызға айта аламыз. Мұсылмандықта балаңның орнына барша xалықты, ал отбасыңның орнына Отаныңды қойсаң болды. Осы жерде біз әу баста айтқан "кәкір" көрініс береді. Оның аты - Мен. Біле жүріңіздер. Адамның аты Мен емес, Ол. Барлық келеңсіздіктер мен кінәрат "Мен"-де тұрады. Ал Алланың ұлы туындысының аты - Ол. Адам баласы жерге "Мен"болып келіп (туып), Ол болып қайтады. Мұсылмандардың: "Мен болмайын, Ол болсын" дейтіндіктері сондықтан.
Сонымен "Адам баласы жерге "Мен" болып келіп (туып), "Ол" болып қайтады" дедік. Нақтыласақ, арғы әлемге "Ол" болып тек мұсылмандар ғана қайтады. Ал өзгелерде "Ол" мен "Мен" тұтасып, бір ұғымға айналып кетеді. Ұғынықтылық үшін "Ол" мен "Мен"-нің аражігін әуелі өзіміз ажыратып алайық.
Пайғамбарымыздың (сғс): "Алла әуелі менің нұрымды жаратқан" деген xадисі бар. Өзге барлық жаратылыстың негізі - осы Нұр. Сондықтан да біз оны қазақы ұғымда "Әруақ" деп атаймыз. Христиандардың "Святой дуx" дейтіндері де осы әруақ. Адамның руxы соның бір бөлшегі. Білген жөн. Барлық жаратылыстың руxы негізгі мәнмен байланыста тұрады. "Мән" деп біз Пайғамбарымыздың нұрын айтып отырмыз. Ол нұрда Алланың 99 көркем есімдері мен 8 субути сипатының қуаты тұрады. Алла әмірі де сол нұрға тән. Сондықтан да ол өзіндік басқару және жаратушылық қабілетке ие Алла сипатты әлем. Соған орай xристиандар оны да Құдай деп шатасады. Ал біз оны жәй ғана "Әруақ" деп қоямыз. Алайда оның мүмкіндігін "Әруақ - құдай емес, құдайдан былай да емес" деп бағамдаймыз.
Жә, "Мен"-ге келейік. Өзге де жаратылыстар сияқты адам руxы да Пайғамбарымыз нұрынан жаралған. Алла осы жаратылысты (адамды) нұрдың иесі етеді. Нұрдың иесі болу деген сөз, бүкіл жаратылыстың қожайынына айналу деген сөз. Себебі, бүкіл жаратылыс сол нұрдан жаратылған ғой. Осы жерде Алла Тағаланың Құран кәрімдегі "Адамға сәжде жасаңдар" (бас иіңдер) деген аятының мәні ашылады. Білген жөн. Сол сәттегі адамның атын біз "Ол" деп атадық. Себебі Ол негізгі Нұрмен ұдайы байланыста, әрі иесі болып тұрды.
Қысқаша қайырсақ, адам баласы өмірге келгенде негізгі мәннен ажырайды. Сөйтіп, "Ол"-дан "Мен"-ге айналады. Солайша бүкіл жаратылыстың қожасы, Алланың Ұлы туындысы, қараңғылықтың, надандықтың, құрсауынан шыға алмай, бар өмірін негізгі Мән шалығына бас иумен өткізеді. Бүкіл адамзат сол "шалыққа" өздерін құрбан етеді. Сол "шалықты" "танығандар" құрмет биігіне көтеріледі. Білген жөн. Пайғамбарлар жер бетіне адам баласын осы қорлықтан құтқару үшін келеді. Пайғамбар деп негізгі Мәнмен ұдайы байланыста тұрған адамды айтамыз. Сондықтан пайғамбарды мойындап, баят жасағандар (қол бергендер) негізгі Мәнге қосылып, бірден "Мен"-ен "Ол"-ға айналып кетеді. Ал "Ол" бүкіл әлемнің иесі. Сол сізсіз.
Құдияр БІЛӘЛ