ӨЛІМ МЕН ШЫНДЫҚ

ӨЛІМ МЕН ШЫНДЫҚ

195
2 мин
ӨЛІМ МЕН ШЫНДЫҚ

Имам мен өлім: біз оған көпшілігі ойлағаннан да жақынбыз...Кейде бізді жантәсілім етіп жатқанда шақырады. Біз жанында тұрамыз – жан тәннен бөлініп, жанары сөнген сәтте. Үнсіздіктің қақ ортасында біз "кәлима шахаданы” сыбырлаймыз — бәлкім, әлі қабыл болар деп үміттенеміз.

Кейде біз мәйітті жуамыз — олардың қандай болатынын білеміз: өкініштен ауырлап қалғандары да, кешірім тапқандай жеңілсінгендері де бар…

Біз оларды кебінге ораймыз — байлықсыз, атақсыз, философиясыз.

Тек адам және оның ақыры ғана қалады.

Дәл осы сәттерде ерекше сезілетіні:

Тіпті өмір бойы Құдайға сенбеген атеист те өліммен бетпе-бет келгенде, ішкі түйсігімен әлдебір Жоғарғы Болмысқа жүгінеді.

Неге?

Себебі логика мен материализм жұбаныш болудан қалады.

Сол сәтте адамның ішкі тереңінде жасырын жатқан әлсіздік, үміт пен тәуелділік сезімі қайта оянғандай.

Бұл құбылыс ғылымда "Foxhole Atheists" — "Оқ пен от астындағы атеист" деп аталады.

Адам ажалмен бетпе-бет келгенде — тіпті Құдайды жоққа шығарып келгеннің өзі — дұға оқи бастайды.

Бұл Құдайдың бар екенінің ғылыми дәлелі емес, бірақ бұл — адам жанының Жоғарғы Болмысқа деген шынайы ішкі тартылысының дәлелі.

Осы туралы Мартин Хайдеггер де жазған: Өлімнің бұлтартпас ақиқатына тап болғанда, адамда "трансценденттік үрей" оянады — оны ешқандай логикамен басу мүмкін емес.

Сонда адам шеңберден тыс нәрсені іздей бастайды — Құдайды, мәңгілікті, мағынаны.

Исламда бұл – "фитрат" деп аталады — әр адамның табиғатына салынған Жаратушыны сезіну қабілеті.

Бұл сезім тәрбиемен, идеологиямен немесе тәкаппарлықпен көмескіленіп іште төменде қалуы мүмкін, бірақ өлім алдындағы тыныштықта ол қайта сыртқа шығып, оралады.

Өлім — жай ғана аяқталу емес. Ол — шекарадан аттау.

Жанның іштегі зары естіледі.

Және ол, сәбидей, өз Бастауына қайта ұмтылады…

 

Нұрбол Байқоңыр

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс