Әл-Хорезми — Орта ғасырлық Ұлы ғалым — математик, астроном (жұлдызшы), тарихшы, географ.
Бұл ғалымның өмірі туралы мәліметтер өте аз сақталған. Әл-Хорезми есімі оның туған елін көрсетеді — ортаазиялық Хорезм мемлекеті, ал ғалымның тағы бір лақап аты - әл-Маджуси – оның ата-тегінде зороастриялық абыз (арабша "маджус") бар екендігін көрсетеді.
Әл-Мамұн (813—833) халифінің кезеңінде Әл-Хорезми Бағдаттағы Академия іспеттес "Даналық үйі" кітапханасын басқарды. Әл-Хорезми жайында сақталған соңғы мәлімет 847 жылға сәйкес келеді.
***
Қайғыдан басқа еш жақсылық көрмедім,
Жақсылықтан да, жамандықтан да шөлдедім.
Адалдық пенен мейірім де жоқ ешкімде,
Көңіл байғұсты қайғымен ғана емдедім.
***
Жалықтырды әбден мені даналардың кеңесі,
Жұрттың бәрі ақыл айтқыш болып кеткен неге осы.
Түсініксіз мағынасы түнектерге жетелер,
Еш құлқым жоқ, енді маған тыңдай көргін демеші.
***
Жете алмасаң ем қонбайды ауырудың парқына,
Ем қонбаған жанды қалай келтірмексің қалпына.
Ауырудан жазылуға болмаса егер сенімің,
Өмір бойы ажырамас болады ол серігің.
***
Тәрбиенің жемісі ақылыңды толықтар,
Бұл білімнің жемісі сана берер парықтар.
***
Болғың келсе ерікті, біліп алғын, шырағым,
Жомарттықтың есігі дәйім ашық тұрады.
***
Жасыл жалбыз әркімнің де құмары,
Жас кезінде бәрі иіскеп тұрады.
Керек етпес қурап қалған шағында,
Сосын жатар қоқыстардың жанында.
***
Басшылықты тағайындар бағынышты жанның орай санына,
Бағынышты жанның саны байланысты басшылықтың арына.
***
Лайықсыз жаннан мейлі қанша талап етсең де,
Бір кемшілік жасап тұрар оңай іске жексең де.
***
Жомарт адам жақсылықтан ешқашанда талмайды,
Сараң адам ешқашанда рахаттана алмайды.
***
Шауып келе жатқан ат кетсе егер сүрініп,
Омақасып түседі қара жерге жығылып.
Бос уәде ешқашан ештеңе де шешпейді,
Өткір қылыш бар күшпен сілтенбесе кеспейді.
Шынайы тіл шындықты айтудан еш қашпайды,
Айта алмаса тұтығып, кекештене бастайды.
***
Білім деген – ағынды су, шартарапқа жетеді,
Ақпай бір сәт тоқтап қалса, жерге сіңіп кетеді.
***
Жала жапқан жанға еру – жаман жалақордан да,
Саудагерден жарамсыз зат салғандайсың дорбаңа.
***
Әр шаңырақты сатқындық сайқал жайлады,
Адалдық қашты, көбейіп жандар айлалы.
***
Дүниелік уайымдардың ешқандай да мәні жоқ,
Байлық қуып шапқылайсың бостан-босқа әлі тек.
Әйтсе дағы бәрімізді өлім күтіп алады,
Қара жерге тапсырады туыстарың қаралы.
***
Раушангүлдің есебі жоқ әлемде,
Мен оларды жақсы көрем, сәлем де.
Жайлылықты алам бірақ теректен,
Сая болып төніп тұрар төбемде.
***
Дәрігерден жасырам деп қасірет пен қайғысын,
Ауырудың таппайсың сен ешқандай да жайлысын.
***
Адал достар қазірде көп табылмас,
Оларды тек еске алады жалын жас.
***
Сездірмеймін қайғымды да ешкімге,
Талай мәрте жалғыздықты кештім де.
Бақыт пенен бақытсыздық жайында,
Берілмеймін ешқандай да уайымға.
***
Емшілерге қанша дұға еткенмен,
Мен көрмедім түскенін де көктен ем.
***
Бұл тағдырдан күте бергін алдау менен арбауды,
Жапырақсыз қалдырған-тын талай мәрте сан бауды.
Соңғы деуші ең қара түсті, оны мен де жаңарттым,
Басымдағы шаштарымды енді түгел ағарттым.
***
Жоқтан жасап Жаратушы тұрғызды бар әлемді,
Түсінбейді бірақ ешкім, айта да алмас дәлелді.
***
Отаныңа кіндігіңнен байланғын,
Өмір бойы сүйікті де адал бол.
Қайда бармақ болып енді сайландың,
Өзге жақта даңғыл болмас саған жол.
***
Бұл жалғыздық ажырамас серігім,
Құтыламын сағыныштан мен қалай?
Жүрегімде қалтырайды сенімім,
Езгілейді еңсемді бұл кең сарай.
***
Тексіздерден мейірімді іздеме,
Аша қоймас есіктерін мұз дене.
Мына өмір осылайша өтеді,
Қадіріңе халқың ғана жетеді.
***
Адал болам деген жандар шықты маған жау болып,
Бүгін міне отыр олар қасқырдайын дау қорып.
Ауыр тартып қараңғы түн езгілейді еңсемді,
Ертеңді ойлап басым қатып, денем дағы теңселді.
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ