Бірегей мұсылман білгірі Әбу Хамит Мұхаммет әл-Ғазалидің ақиқатты іздеушілерді төрт топқа бөлетіні бар.
Олар - мутакаллимдер, батынишылар, философтар және суфилер.
Әл-Ғазали "аталған әр топтың көзқарастарын зерттеуге асыққанын" жазады. Калам ілімі туралы:
"нәтижесінде каламдағы ілімнің мутакаллимдердің мақсаттарына жауап беруге жеткілікті, бірақ менің алдыма қойған міндеттерімді шешуге жеткіліксіз екендігін білдім", ал философия жайында:
"...барлық философтарда сөзсіз бір ғана таңба - сенімсіздік пен Құдайсыздық таңбасы жатыр" деген ойын білдіреді. Ал сопыларға келгенде әл-Ғазалидің көңілі жібіп сала береді:
"Мен үшін софылардың теориясы олардың тәжірибесінен бірқатар жеңіл болды" дегенді айта келіп, сопылардың тәжірибесі туралы былай деп жазады:
"Олардың тәжірибесінің мәні - өздерінің миын мәртебе иесі Алладан өзге ойдың бәрінен тазартып, оны Құдай туралы оймен безендіруге жеткенге дейін жан құмарлығын отаумен және өздерін оның жаман әдеттерге бейімділігімен зиян келтіретін жақтарынан арылтумен шұғылдануға саяды".
Сопылар ілімін, оның теориясы мен тәжірибесін үйрену барысында әл-Ғазали өзіне қатысты мынадай ғажап, тапқыр түйін жасайды:
"Сонда мен жанарымды өз жағдайыма аудардым, байқасам, менің өзім жан-жағымнан шырмап алған жалған байланысына белшемнен батып тұрмын. ...ойларымның тұтасымен жалғыз Аллаға ғана арналмағанын, мен үшін бастаушы себеп және қозғаушы күш - құрмет пен даңққа жету болғанын білдім. ...мен өзімнің жардың жағасында тұрғаныма және жағдайымды түзеуге шұғыл кіріспесем, сөзсіз тамұққа баратыныма көзім жетті".
Әл-Ғазалидің басынан өткен мұндай хал, мұндай жағдай А.Ясауиге де ортақ. А.Ясауи де бұл дүние мен нәпсі шырмауында болып келіп, ақырында хақты тапқан.
А.Ясауи махаббатын арнаған Алла - әл-Фараби жазғандай, ең озық, ең жетілген, ең ізгі Тұлға. Бұрынғы-соңғы ойшылдардың тануынша, Алла - барша Барлықтың иесі, Ақыл мен қайырымдылық бастауы, жан біткеннің түпкі себебі. Әл-Фараби жазғандай, Алла, Құдай, Бірінші Тұлға - Өзі тарапынан жаратылған барша болмыстардың Сүйіктісі.
Бірінші Тұлға - алғашқы махаббат және алғашқы бауырмалдық болып табылады. Сопылық әдебиеттегі А.Ясауи сияқты ақындардың Аллаға деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің осындай ғажап сыры мен себебі бар.
Дүние боқ соңынан итше жорттым,
Іздеп оны артынан күн-түн қудым.
Әмірін тұтпай хақ жолына көзім жұмдым,
Қайда барам, ия, достар, қайтем міне.
Адамзат ақылмандары осылай айтып, жазып жатқанда, "жалған байланысына белшемізден батып" жүрген біздер не дер екенбіз...