Хафиз Ширази Шамседдин Мохаммед Мохаммед (1306 жылы шамасында, Шираз шаһары — 1371, сонда) — парсының әйгілі лирик шайыры. Құранды жатқа біліп, Хафиз атанған. Өз заманының ең озық ғылыми жетістіктерін меңгерген.
Xафиз ғазалдары парсы әдебиетінің жауһар туындылары қатарына саналады. Оның ғазалдарынан басқа рубаи, тәржибәнд және сақинамалары да бар. Оның даңқын шығарған ғазал жанры, негізінен иләһи махаббат сарынында, яки Аллаға деген ғашықтықты жырлайды.
Xафиз сопылық әдебиеттің аса көрнекті өкілі, оның сопылық сарынындағы ғазалдары өзінен кейінгі әдебиетке де үлкен әсерін тигізді.
***
Қалғандай күйіп ашыса жанның жүрегі,
Мазасыздықтың табылар дәйім бір емі.
Әрқашан дертке табылсын дауа лайым,
Қолында тұр ғой барлығы да Құдайдың.
***
Қаныңды да, жаныңды да тапсырғайсың Тәңірге,
Қолданатын шараң жоқ қой одан басқа Әмірге.
***
Ауызыңнан шықпаған сөз – әлі саған құл болар,
Айтылған сөз – бір күн сені ноқталайтын пір болар.
***
Бұл өмір мен ана өмірде қаласаң сен тыныштық,
Айтылатын екі шартты өмір бойы дұрыс тұт:
Достарыңа жомарт болғын, ешқашанда тарылма,
Сабырлы бол жау алдында, тектен-текке жарылма.
***
Көрсетпес үшін әлсіздік,
Көрмес үшін жөнсіздік:
Бос уәде бермегін,
Сөздеріңді жөндегін.
***
Дос болғайсың лайықты, сенімді,
Құрметтей біл ықыласпен теңіңді.
Байқаусызда ренжітсең ол жанды,
Көңлін аула, бөліп бер де олжаңды.
Айнадайын жарқырайды жүрегі,
Қолдап сені өмір бойы жүреді.
***
Жамандық кетер, жақсы күндер де жетеді,
Зұлымдықтардың жетелемесін жетегі.
***
Жарық шашқың келсе мынау әлемге,
Жол көрсетер жарық жұлдыз болғайсың.
Арамдықтан ада болсын денең де,
Тек шынайы оттай лаулап жанғайсың.
***
Адалдыққа жетпес орын жалдауға,
Оны әркез дайын тұрар алдауға.
Мына өмір сайқал қатын секілді,
Түнеп шығар жігіттер кеп не түрлі.
***
Ақылды болғың келсе егер,
Қыңырлықты ұмытқын.
Тұтаммен өмір өлшенер,
Тірлігін жаса жігіттің.
Үмітпен өмір сүргейсің,
Тыныштық болсын арманың.
Дүниелік ғұмыр білгейсің,
Түбінде оның жалғанын.
Мүмкіндік бізге берілген,
Жетуге жайлы орынға.
Айрылып қалма сенімнен,
Болады ашық жолың да!..
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ