Балық үшін әлем – тек теңіз ғана. Ол судағы өзі секілді балықтар мен балдырдан басқаны білмейді. Ол үшін көк аспан, құрлық, ондағы жан-жануар мен құстар мүлдем жоқ.
Ауылынан шықпаған адамның ақыл-ойы ауласынан аспайды. Ол үшін бар әлем – өмір кешіп жатқан ауылы, араласытын көрші-қолаңы ғана. Оған басқа дүние – күмәнді, кейде қорқынышты көрінуі мүмкін. Ол барлық нәрсені ауылымен, ауласымен ғана өлшейді.
Ал біз ше?
Көп жағдайда біз де сол секілді өзіміз көрген, білген, көңілімізге жаққанды ғана шындық деп ойлаймыз.
Басқа пікір, басқа сенім, басқа өмір салты бізге түсініксіз болғанда – оған қарсы шығамыз немесе теріс айналамыз. Қазақ мұны «Адам білмегенінің – дұшпаны» деп қысқа қайырған.
Марк Аврелий: «Сенің естігенің – шындық емес, біреудің көзқарасы ғана.
Сенің көргенің де – ақиқат емес, тек сенің қабылдауың ғана.» десе, Артур Шопенгауэр: «Әр адам өз көзқарасының көкжиегін – әлемнің шекарасы деп ойлайды.» деген.
Иә. Ақиқат бізге таныс нәрсемен шектелмейді. Бізге әрдайым үйреншікті нәрсе – ыңғайлы көрінеді. Ал жат дүниеден – қашамыз, қабылдағымыз келмейді. Себебі – оны білмейміз.
Бірақ шындық – сенің көзқарасыңнан әлдеқайда кең. Ақиқат – сенің сеніміңнен әлде қайда биік, түсінігіңнен едәуір терең.
Сондықтан:
– Өзің білмейтін нәрседен қорықпа.
– Сенікі қате, басқаның пікірі ақиқат болуы мүмкін екенін әсте ұмытпа.
- Өзге адамның пікірін толық, аяғына дейін естуге, тыңдауға тырыс.
- Қарсы пікірден қашпа.
- Менікі ғана дұрыс деп ақиқатты жалғыз өзің иемдену – тәкаппарлық. Мұндай адам өз эгосын ғана қорғағандықтан, үнемі басқаларды жоққа шығарып, өзін ұдайы үстем ұстауға тырысады. Бұл – жалғыздықтың жолы.
- Өз пікіріңді тек ақиқат деп емес, ізденістің бір баспалдағы деп қана қабылда. Сонда ғана шындыққа жақындайсың.
Ендеше көзқарас көкжиегіңе симайтын кең әлем бар екенін мойындау – шындықты қабылдауға ашылған есік. Бұл – даналықтың алғашқы сатысы.
Шын ақиқаттың іздеушісі — дайын жауаппен емес, ұдайы сұрақпен өмір сүреді.