Ата-бабаларымыз «тәрбие тал бесіктен» деп әу бастан-ақ баса назар аударған. Бала ананың құрсағына біткен сәттен бастап тәрбие берілуі тиіс. «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» - деп бекер айтпаған Абай Құнанбайұлы.
Шариғатта ата-ананың балаларының алдындағы және балалардың ата-аналары алдындағы міндеттері бар. Баланың жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие алуына дініміз ерекше маңыз береді. Себебі, бүгінгі жас елдің ертеңгі болашағы, үкілеген үміті. Ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы. Демек – жас кезінен есірткі, сыра, арақ, темекі, ұрлық, зорлық - зомбылық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.
Пайғамбар (с.а.с) «Әкесінің баласына жасаған жақсылықтарының ең бағалысы – жақсы тәрбие» - деген. Яғни, баланы тәрбиелеу ата-анаға жүктелген үлкен жауапкершілік. Балам жақсы болмасын дейтін ата-ана жоқ, бірақ сол «жақсы бала» тәрбиелеп шығару көп ата-ананың қолынан келе бермейді. Баланы дәстүрді дәріптеп, Пайғамбардың сүннетімен тәрбиелейтіндер аз. Абай атамыз бекер айтпаған «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» - деп. Білімді ұрпақты тәрбиелеу қазірде үлкен жауапкершілік десек қателеспейтініміз анық.
Сонымен, бала тәрбиесінің басты ұстындарын былайша бөлуге болады:
1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда мейірімнің өзі мөлшерімен берілуі тиіс. Шектен тыс өбектеу, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады.
2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы тиіс. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала өзінің қалауының шектелуінің нақты, шынайы негізінен хабардар болуы қажет.
Әсіресе, балаға жалған сөйлемеген жөн. Қандай жағдайда да ата-ананың баласына өтірік айтпауы қажет. Бұл туралы мынадай хадис бар. Абдулла ибн Амир былай дейді: «Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.а.с.) отырғанда анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», – деп мені шақырып алды. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Оған не бермекші едің?» – деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім», – деді. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Егер ештеңе бермегеніңде саған бір өтірік жазылар еді», – деді. (Әбу Дәуіт риуаяты).
3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді. Ал 5-7 жастан бастап жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған.
4. Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбисінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне сүйену керек. Осы негіз бойынша Жаратушының алдында жанұя үшін әкенің жауапкершілігі үлкен екендігін айта кеткен жөн.
Алланың елшісі (с.а.с.) былай деп өсиет еткен: «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды».
Егер ата-ана нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы Қияметте жәннат қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе мен де кірмеймін», – деп отырады. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар. Бірде қажылық кезінде бір әйел Пайғамбарға (с.а.с.) қолындағы нәрестесін көтеріп: «Мынаған да қажылық жазыла ма?» – деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.) оған: «Иә, ол үшін саған да үлкен сауап бар», – деп жауап берген.
Абай: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» - дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» - дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» - дейді. Демек, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Міне, Абайдың бала тәрбиесіндегі әуелгі ұстанымы – осы. Сол үшін де «балаң жақсы болсын десең алдымен ата-ана өзіңді тәрбиеле» - деп бекер айтпаған дана бабам.
Мәдеш СОЛТАНБЕК
Баянауыл ауданы, Мәшһүр Жүсіп ауылы
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы» мешітінің имамы