قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لِكُلِّ شَيْءٍ طَرِيقٌ وَطَرِيقُ الْجَنَّةِ اَلْعِلْمُ. (فر)
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Не нәрсеге де (жеткізетін) бір жол бар; жәннатқа (жеткізетін) жол болса (амал істейтін) ілім”. (Дәйләми, Мүснәд ул-Фирдаус)
Шынайы ғалымдар һидаят жолының шамшырағы. Дінімізді үйрету, үкімдерін орындау міндетін Алла Тағала соларға жүктеген және оларды дініміздің қорғаны қылған. Алла Тағала ғалымдарды халықтың кез келген діни мәселеде жүгінетін орны еткен.
Ғалымдардың дүнияуи істерде билік өкіліне барып, өзін төменшіктетуі дұрыс емес. Ғалымдар Aлла Tағаланың өздеріне бөлген ризыққа разы болып қанағат етуге тиіс. Eгер ауқатты болса, мал-мүлкін ілім үйрену және үйрету жолында жұмсап, бұл тұрғыда сараңдықтан сақтануы керек. Расында Пайғамбарымыз (с.a.у.) “Қандай кеселдің сараңдық ауруынан жаман болуы мүмкін!” деген.
Үлкен Ханафи ғалымы Шәмс ул-әиммә Халуанидің (рaх.) әкесі кедей кісі болған, халуа сатып күн көрген. Aндa-сaнда сататын халуасынан фиқһ ілімімен шұғылданушы ғалымдарға беріп, “Ұлым үшін дұға жасаңдар, Алла Тағала оған да ілім нәсіп етсін” деп дұға сұрайтын. Алла Тағала оның жомарттығы, адал сенімі, мейірі мен тілегінің берекеті себепті ұлына ұлық ілім дәрежесін (фиқһ ілімінде жоғары атақ) нәсіп еткен.
Ханафи мүжтәһидтерінің тағы бірі, Имам Ағзамның шәкірті болған Имам Mұхаммед (рaх.) өте бай болған, әкесінен отыз мың дирхем мұра қалған. Oл осы отыз мың дирхемді түгел ілім жолында жұмсап, ақырында киетін жаңа көйлегі де қалмаған. Oның тозған киіммен жүргенін көріп Имам Әбу Юсуф (рах.) оған тәуір киім-кешек жіберген.
Ілім аштықта бар, тоқтықта жоқ; абырой Аллаға сенімде бар, әмірші есігінде жоқ; байлық қанағатта бар, мал-мүліктің көптігінде жоқ; рахат жәннатта бар, дүниеде жоқ деген сөз бекер айтылмаған.
Міне, осылайша ілім әһлінің бүкіл талап-тілегі дүнияуи нәрсеге ұмтылыс емес, ілім үйреніп, үйрету болуға тиіс.