Екі құрдас кездесіп қалыпты. Бірі білімпаз, оқымысты, білген ақылын жұрттан аямайтын, қолынан кітап түспейтін қарапайым ғана өмірі бар момын екен.
Екіншісі біраз көтерілген, бай, кәсібі де мықты, бір теңгені жүз теңге қылып жүретін пысық жігіт болса керек.
Екеуі амандасып, әзілдесіп, қағытып, шымшып сөйлесіп алғасын бай құрдас білімпаз құрдасынан сұраған екен:
"Құрдас тыңдашы, мен тиыннан теңге жасаймын, жұрттан озық жүрем, кейбір құрдастарым, екі бөлмелі үй салалмай жүргенде, менде котдеж үй бар, өзімде, әйелімде қымбат шетелдік көлік бар. Садақа берем, қайырымдылық жасаймын, қарыз сұрағанның қолын қақпаймын, айтшы мен кімге ұқсаймын?" деп кекесінмен сұраған екен.
Оқымысты құрдас:
"Сен Құдайға ұқсайсың" деп жауап берсе, әлгі байшікеш құрдасы, қарқылдап күліп, әжуалап:
"Ал сен өмір бойы кітап кемірген, сонда да өмірдің не екенін түсінбеген Есекке ұқсайсың" деген екен.
Оқымысты құрдас ештеңе деместен сабырлылықпен әдемі ғана жымиып қоя қойыпты.
Сонда әлгі байшікеш құрдасы:
"Ой қасқа миыңды кітап жеп қойған сорлы, сен тіпті Есексің деген сөзге де намыстануды қойыпсың ғой, білімді болсаң ұтымды жауап бермейсің бе?" дегенге, Оқымысты:
"Мен оған намыстанып, өкпелеп нем бар? Өзінде Құдайдың жақсы қасиеттері бар адам, өзгеден де Құдайды көреді, ал бойында Есектігі басым адам, өзгелерденде соны көретін шығар" деген екен.
Е жаратқан ием, жаратушы бір Алла біліп және білмей жасаған күнәларымызды кешірегөр.
М. Кенжебаев. Бейнеу.