ЕКІ МӘНЕТ

ЕКІ МӘНЕТ

975
2 мин
ЕКІ МӘНЕТ

... Ышқына айғайлап, будақтата түтін созып кеп пойыз тоқтады. Жаппай ұмтылған жұртқа ере алмай қырықтар шамасындағы бір әйел кейіндеп қала берді. Жүгі тым ауыр еді.

Апалақтап жан-жағына қарап еді, әшейінде қаптап жүретін жүкшілерді де жер жұтқандай.

- Әй, жігіт! Жігіііт, көмектесіп жіберіңізші, Құдай ақы... Ақысын төлеймін!

Жасы елулерді еркін еңсерген, мырзалығыңызға қарай алпыс та бере салуға болардай сұңғақ еркек жақын келді.

- Қай вагон еді?

- Төртінші, Тәңір жарылғасын!

Нән, қанарға жедеғабыл шабаданды қол сөмке көтергендей-ақ лып еткізіп көтерген еркек жөней берген. Әйел қалбалақтап жүгіре ерді...

- 13 орын. Көп рахмет. Әә, айтпақшы, міні, екі мәнет, жетеді ғой?!

Үндеген жоқ. Әлде, ұйыса өскен мұрт пен сақал арасынан шыға алмай қалды ма, қайдам...

... Бұл оқиғадан кейін арада жеті, әлде сегіз ай өткенде Петерборда бір әйдік жиын өтетін боп, қырықтар шамасындағы әйел сол тусаға қатыспаққа жолға шығады.

Кім ғалым, кім әдебиетші, кім сыншы, кім жазушы... Өріп жүр! Содан бір мезгілде жүргізуші "келесі сөзді жазушы Лев Толстой сөйлейді" депті.

Қырықтар шамасындағы әйел сөйлеушіні көріп талып қала жаздаған ғой. Мынау баяғы "жүкші" ғой, сайтан алғыр!!!

Содан Толстой французша біраз нөсерлетіп, орысша да кішкені сөйлеген болып, мінбеден түсе бергенде жүгіріп барып:

- Мырза, мені таныдыңыз ба? Өткенде вокзалда Сізді танымай, қара басып, жүк тасытып қойыппын...

- Әәә, көгершінім, бұл Сіз бе едіңіз?! Оқасы жоқ, айнам, мен ол күні адал қызмет еттім, Сіз әділ төледіңіз!

Шымылдық.

Орысшадан аударған:

Алмас АЛТАЙ

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс