Шахман молданың азан шақырып қойған аты Әбушахман. Ол Павлодар ауданы, қазіргі Достық аулында дүниеге келген. Оның әкесі Нұрпейістің ағасы Нұрмағамбет Тройцкде оқыған, елінде медресе ашып бала оқытқан, мешіт салдырып халықты имандылыққа баулыған ірі молда болған кісі. Шахманның Қызылжар (Петропавл) медресесіне түсіп 7 жыл білім алуына да осы ағасының тағылым-ғибраты болатын. Медресе бітірген соң ол Қызыл ту (қазіргі Григоревька) аулындағы Нұрмағамбет ашқан медреседе шәкірттерге сабақ береді, имандылыққа тәрбиелейді.
Оқуға тиянақты ізденгіш, әрі зерек Шахман молда медреседе алған білімге тоқмейілсіп қалған жоқ. Неғұрлым көп білген сайын білмейтіні ұшан-теңіз екенін сезінді. Сондықтан ол діни кітаптарды іздеп жүріп оқып, білімін өздігінен жетілдірді. Оның үйдегі кітап сөресінде 1887-1911 аралығында Стамбулда, Орынборда, Қазанда, Санкт Петрбургте жарық көрген араб әрпімен жазылған 100-ге жуық діни кітаптар қалаулы тұрды.
Олардың арасында мұқтасарлар, тәпсірлер, мұхамедия, діни түсіндірме сөздіктер, Құран түсіндірмелері, ислам заңдары, пайғамбарлар өмірлері, діни күнтізбелер, жылнамалар тәрізді көптеген рухани құндылықтар, «Дін және өмір», «Шуро исламия» журналдары бар.Сонымен бірге жағрафия, алгебра, астрономия, жалпы әлемдік тарих, шығыс әдебиеті жөнінде мәліметтер беретін ғылыми кітаптар да аз болмаған. «Түрік идеологиясы» секілді Кемал Ататүріктің саясаты жөнінде кітаптарды да алдырып оқыған. Шахман молда діни ілімге де, ғылыми білімге де, шешендік тілімізге де, қоғамдық мәселелерге терең бойлаған жан болатын. С.Торайғыроовтың шығармаларын, Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айтатын, халқымыздың тарихи тұлғаларын, шежіресін, шешендік сөздерін жетік білетін. Білу бар да, білгенін жүрекке жетерліктей жеткізу бар ғой. Шахман молдада осының екеуі де бар болатын, Сөйлеген сөзінің мағынасы да, адамды баурап алатын жанға жайлы даусы да тыңдаушысын еріксіз құлақ түруге, демін ішіне тартып сілтідей тынып тыңдауға мәжбүр ететін.
Шахман молда имандылық өнегесімен де, елге қамқорлығымен де өте сыйлы адам болды. Оны облыстың түкпір –түкпірінен арнай іздеп келіп ел бірлігі сөз болатын жерлерге, жабдықтарға алып кетіп жататын. Ол ел мүддесін қорғаған азамат еді. Осындай құрметке бөленген халқының адал перзентін қаралап «ағасы Троицкде білім алған, өзі Қызылжар медресесінде діни оқу оқыған» деп... жазықсыз абақтыға жауып, жер аудартты. Абақтыда жатса да 5 уақыт намазын қаза қылмай, алладан медет тіледі.
Жұбайы Мариям орыс тілін жетік білетін, гимназия бітірген сауатты ұстаз болатын. Ол ақтап алудың жолын іздеп шарқ ұрып, Сталинге Шахманның молда емес екендігін, ол тек оқу-жазу білмейтін қараңғы қазақтардың сауатын ашып жүрген қарапайым ұстаз екендігін «дәлелдеп» айтып хат жолдайды. Өзі күндіз-түні Аллаға жалбарынап, Шахманның абақтыдан босап шығуын тілейді. Тілегі қабыл болып Сталиннен Шахманды абақтыдан босап шыққаны туралы хат келеді. Шахман молда ақталып шыққанымен елге оралмай Қызылағаш деген жерге орналасып, өзін қаралаған елден алысырақта тұрды. Бұл ауылдың колхоз бастығы Бейсек деген кісімен сыйласып Бейсектің жалғыз қызы Дәметкенді өзінің жалғыз ұлы Қабдолламен атастырады. 1943 жылы жалғыз ұлы майданға аттанып, 1946 жылы аман-есен оралып, атастырған қалыңдығына үйленеді.
Шахман молданың емшілік қасиеті де бар еді. Ол талма ауруы бар балаларды емдейтін. Ауылдың бүкіл балаларын да сүндетке отырғызатын. Ақылы ауысып, көтермесі көтеріліп келген адамдар Шахман молданың үшкіруінен кейін сабасына түсетін.
Шахманның жұбайы Мәриямның шешесі орыс еді. Бірақ Мариям Шахманмен бас қосып ислам дінін қабылдады. Некесін мешітте қиып, намазға жығылды, Құран оқитын болды. Ол Алланың ақ жолында жүріп, ұрпаққа имандылықтың өшпес өнегесін қалдырды.
Кеңес үкімет кезінде Нұрмағамбет ашқан медресе де, салған мешіт те қиратылды. Шолақ белсенділер Аллаға ғибадат еткендердің соңынан шырақ алып түсіп қудалады. Имандылық жолындағылар есгін тарс жауып алып, намазын жасырын оқитын болды. Бірақ Шахман молда халықты өз үйіне жинап, жұма намаздарын, айт намаздарын үзбей өткізіп отырды. Дінімізідің жақсылықтарын айтып, шариғат уағыз айтуын тоқтатпады.
Ораза уақытында тарауықты Шахман ата өз үйінде бастап беретін.Ол күні ауылдың бүкіл ақсақалдары, бәйбішелері, балалары осы үйге жиналатын. Тарауық оқып болған соң жиналған жұрт таң атқанша Шахман молданың уағыздарын, аңыздарын, ғибратты әңгімелерін, ерлікке бастайтын шешендік сөздерін ұйып тыңдайтын. Ол бүгін айтқан уағыз әңгімелерін келесі күні қайталамайтын. Тарауыққа жиналғандар сәресін ішіп, ауыздарын бекітіп барып тарайтын. Тарауық осылай Шахман атаның үйінде басталып, арықарай ауызашарға шақырған адамдардың үйлерінде ораза біткенше жалғасатын. Тарауыққа жиналған халық ешқашан ортаймайтын. Олардың бәрі Шахман молданың ғибратты сөздерін тыңдауға асығатын. Мұның тәрбиесі зор болды. Ауылда үлкенге құрмет, кішіге ізет қалыптасты. Төбелес, бұзақылық деген мүлдем болмады. Барлық түйінді мәселе Шахман атаның алдында шешімін тауып отырды.
Шахман молданың жалғыз ұлы Қабдолда Павлодар қаласынан педагогикалық училищені бітіріп, Достық аулындағы мектепте 40 жылдай ұстаздық етеді. Қабдолда да «молданың баласы» деп қудаланады. «Молданың баласы мектепте қалай сабақ беріп жүр?» деп көрсетіп, Қабдолланы партия жиналысында талқыға салады. Партия қатарынан шығарып, мұғалімдіктен босатып, үйде бір жылдай жұмыссыз отырады.
Шахман молда 1976 жылы 20 сәуірде 85 жасында дүниеден озды.
Артында тәрбиелі, білімді немерелері, шөберелері өсіп жатыр. Келіні Дәметкен атасының барлық кітаптарын, қолжазбаларын, хаттарын жинап, өзіне бір Құран кітабын ғана қалдырып, түгелімен 1990 жылы 22 қыркүйекте Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне апарып тапсырды. Оны, яғни Шахман молданың жеке кітапханасындағы қазан төңкерісіне дейін жарық көрген, араб әрпімен жазылған, бұл күнде өте сирек кездесетін 78 құнды кітаптар мен бір дұғалықты аталмыш музей қабылдап алған екен.
Шахман молданың кітапханасынан алынған рухани мұралармен таныса отырып, оның энциклопедиялық білімдарлығына қайран қаласың. Ол тек терең білімді молда ғана емесс, алаш азаматтарымен пікірі орайлас, елінің егемендігін аңсаған, ұрпағының білімді болуын армандаған, халқын насихатымен осындай ізгі мұраттарға бағыттаған биік тұлға екендігі байқалды. Ол-1949 жылы шағын ауылдарда жас ұрпақтың білім алатын орындары жоқ екенін айтып, қазіргі Достық аулында мектеп ашу қажеттігі жөнінде Халық Комиссарлары Кеңесінің басшысы Нұртас Оңдасыновқа хат жазған және оның нәтижесіне жеткен кісі. Сондай-ақ Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің жанындағы діни басқарма басшысы Сәбитовке ораза, құрбан айт кезінде халықты қыспаққа алмаса екен деген тілегін білдіріп хат жазған. Бұл хаттар аталмыш музейдің қорында сақтаулы тұр.
Бұл күнде Чернорецк аулының мешітіне Шахман молданың аты берілді.