МҰСА МЕН ШОҢ
Мұса мырза жас кезінде қарт Шоңнан:
– Ер жігіт деп кімді айтамыз?
– Ақ сауыт деп нені айтамыз?
– Арғымақ деп нені айтамыз?
– Жақсы деп кімді айтамыз? – деп сұрапты.
Сонда қарт Шоң:
– Ақ сауыт деп айтамыз – атқанға оғың өтпесе,
Арғымақ деп айтамыз – желгенде жылқы жетпесе,
Жақсы деп соны айтамыз – тозған елді септесе,
Ер жігіт деп айтамыз – жауға тастап кетпесе, – деп жауап беріпті.
СӘДУАҚАС ШОРМАНҰЛЫНЫҢ ТЕРМЕСІ
Өтпес пышақ, шабан ат,
Басыңа қорлық келтірер.
Жаман құрбы әзілі –
Ажалдан бұрын өлтірер.
Жақсы болса алғанын,
Жағаның кірін кетірер,
Жаман болса алғанын,
Басыңнан бақыт кетірер.
Бетіңнен алып арсылдап,
Үй ішінен ит үрер,
Абысын – ажын, келінге
Түздегі жаудай жекірер:
«Сақтай гөр деп кесірден»
Алыс-жақын түңілер.
ӨМІРДЕ ОЗЫҚ БОЛ
Жалқау болған жігіттің
Ақ таяғы ат болар.
Безер болған халыққа,
Ағайыннан жат болар.
Салақ болса қатының,
Жағаң болар құрымдай.
Тәрбиесіз жігіттер,
Жүрер белін буынбай.
Сөзінде бір тұрар жоқ,
Ащы судың буындай.
Түрлі сөзін тыңдасаң,
Жыланның зәрлі уындай.
Екі достың арасын
Шағыстырар от жағып,
Мергеннің шақбақ – қуындай.
Кері кеткен керенау –
Сасып кетер маңайы.
Ғұмырда бір жуынбай,
Насихат айтсаң былай деп,
Сөзіңді қалар ұғынбай.
Ақылсыз бас, жарымес,
Дамыл бермес аяққа.
Білгеннен сұра білмесең,
Түбі соғар шатаққа.
Ақыл айтсаң ақымаққа,
Қас көреді сөзіңді.
Айыбын айтсаң бетіне,
«Жоғалтам» дер көзіңді.
Түсініп, ақыл ұғатын,
Ұл туған жоқ безенді.
«Қазақтың шешендік сөздері» жинағынан алынды.