Біз бәріміз бақытты болғымыз келеді. Бірақ оны көбіне сырттан іздейміз. Жақсы жаңалық келсе — күлеміз. Жайсыз жағдайға тап болсақ — әлем сұр тартқандай болып, күрсінеміз. Тіпті күдікке бой алдырып, күйзелеміз.
Ал шын мәнінде, бақыт — ішкі сенім мен көзқарастың, мағыналы өмір сүрудің жемісі. Ал мағына тек сыртқы жетістікпен өлшенбейді. Ол — адамның әлемге берген бағасы мен көзқарасында.
Бұл жайлы Марк Аврелий: «Өміріңнің бақыты – ойыңның сапасына байланысты.», Эпиктет: «Адам нәрсенің өзінен емес, ол жайлы ойынан азап шегеді.», Саид Нұрси: «Көзқарасы жақсы адам барлық нәрсенің жақсы жағын ойлайды. Ал ойы жақсы адам өмірінен ләззат алады.» - дейді.
Мәселе — өмірдің қандай екенінде емес, біз оған қандай мағына бергенімізде.
Бір адам жаңбыр жауса – мазасызданады. Басқа біреу – рақаттанып жүреді. Бірі сынақты ауыртпалық көреді. Екіншісі – оны рухани жетілуге айналдырады.
Түрмеге қамалу — көп адам үшін қайғы. Бірақ Алаш арыстары түрмеде азапталғанда, тіпті атылып бара жатқанда — халқы жолында өмірлерін құрбан еткендері үшін іштей бақыт тапты.
Иә, бәрі көзқарасқа байланысты. Егер ол ақырет сеніміне сүйенсе, кез келген жағдай терең мағынаға, басқа бояуға ие болады. Себебі бұл өмір – өткінші. Нағыз шындық – өлімнен кейінгі өмір. Мұсылман үшін бұл – сенім ғана емес, ақиқаттың өзі.
Сынақ – тағдырды қабылдау арқылы сауапқа айналады. Жетістік – тәубе мен жауапкершілікке шақырады. Қарапайым сәттердің өзі – Жаратқанның ризашылығына, жәннатқа жол салуы мүмкін.
Басымыздағы әрбір жағдай – Құдайдың рұқсатымен жүзеге асады. Ал рұқсат бар жерде хикмет бар. Сол хикметті түсінуге талпынған адам өмірден бақыт табады.
Жақсы ой – терең сенім мен таза жүректен туады. Абай: “Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі” десе, Имам Ғазали: “Жүрек – айна. Егер ол лас болса, шындық бұрмаланып көрінеді” дейді.
Иә, біз жағдайды түбегейлі өзгерте алмаспыз. Бірақ оған деген ойымызды өзгерту – өз қолымызда. Оқиғаға басқа қырынан қарай аламыз. Солай…