ҚАЙТІП КӨРКЕМ МІНЕЗДІ БОЛУҒА БОЛАДЫ?

ҚАЙТІП КӨРКЕМ МІНЕЗДІ БОЛУҒА БОЛАДЫ?

862
4 мин
ҚАЙТІП КӨРКЕМ МІНЕЗДІ БОЛУҒА БОЛАДЫ?

Ағылшындардың танымал әншісі Кәт Стивенс өзінің 1976 жылы қалайша өлім аузынан аман қалғанын VH1 телеарнасына берген сұхбатында былайша баяндайды: «Апатқа ұшырап, суға батып бара жатыр едім. Бір сәтте өз-өзіме келіп: «Уа, Аллаһ! Егер мені бұдан құтқарсаң, сенің жолыңда қызмет етемін!» – деп жалбарына бастадым. Сол сәтте үлкен бір толқын келіп мені жағаға шығарып тастады».

Ажалмен бетпе-бет келген осы жағдайдан соң ол рухани халінде үлкен өзгерістерді байқай бастайды. Арадан бір жыл өткен соң Кәт Стивенс ағасы Дэвидтің Құддыстағы Әл-Ақса мешітінде тұрып сыйлаған Құран Кәрімін оқып шығып, мұсылман болады. Есімін де Юсуф Ислам деп өзгертеді.

Сол Юсуф Исламның мынандай бір сөзі бар: «Мұсылмандарды танымастан әуелі Құранды таныдым. Егер бірінші мұсылмандармен танысқанымда, онда еш уақытта мұсылман бола алмас едім», – дейді ол.

Ащы да болса, шындық. Себебі, бүгінде мұсылмандардың бойынан көркем мінез дегенді өте сирек көретін болдық. Мұның барлығы мұсылмандардың әлі күнге дейін «діннің көркем мінез екендігін» (хадис) түйсіне алмай келе жатқандығынан. Ислам шариғатын жаюға келген Пайғамбарымыздың: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім», – дегенінен-ақ Ислам дінінің көркем ахлақ екендігін мына біз үмбет әлі күнге дейін түсіне алмай келеміз.

Жалпы, қайтіп көркем мінезді болуға болады?

Адам жан мен тәннен немесе дене мен рухтан тұратын бір болмыс болғандықтан, екеуінің де өзіндік әсемдігі бар. Тәннің әсемдігі «көркем жаратылыс» деп аталса, жанның әсемдігіне «көркем мінез» делінеді.

Имам Ғазали өзінің «Кимия ус-Сағадат» атты еңбегінде: «Көркем жаратылыс сыртқы суреттен тұрып, жүз, ауыз, мұрын, көз және тағы да басқа ағзалардың бір-біріне үйлесімді болуымен көркем, кәміл болғаны секілді, жүрек те (жан, рух) ақыл, ашу, шәһуат және ғадалат (әділет) күштерінің бірігуімен және көркем болуымен кәмілдікке жетеді», – дейді.

Ақыл күшінің көркемдігі – сөздің шындығы мен өтірігін, істің жақсысы мен жаманын, сенімнің ақиқаты мен жалғанын ажыратумен болады. Ақыл күші шектен шықса, білімін жаман жолда қолданып, жаманның іздегенін тауып береді. Ал кем болса, онда жарым естік қылып, ақымақтық жасайды. Ақыл орта жолды ұстанған жағдайда ғана дұрыс көзқарастар мен сау пікірлердің ошағына айналмақ.

Ашу күшінің көркемдігі – шариғаттың әмірінде болу және шариғат үкімдерінің шекарасынан шықпаумен болады. Ашу күші шектен шықса, шектен тыс «батырлық» пайда болып, зұлымдыққа бас ұрады. Ал кем болса, онда қорқақтыққа бой алдырады. Сондықтан да, ашу да орта жолды ұстануы керек, сол кезде адамда байсалдылық, салмақтылық, салқынқандылық, жәрдемсүйгіштік, жұмсақ мінезділік, мейірімділік секілді халдер пайда болады.

Шәһуат күшінің көркемдігі – «серілікке салынбай», ақыл мен шариғаттың шегінен шықпаумен болмақ. Шәһуат күші шектен шықса, арсыздық, ұятсыздық, қызғаншақтық, кедейлерді жеккөрушілік секілді мінездер туады. Ал кем болса, селқостық, немқұрайлық, немкеттілік, енжарлық, ықылассыздық басым болады. Бұл да орта жолды ұстанып, құба төбел болса, қанағатшылдық, жомарттық, көркемдік және сабыр секілді мінездер пайда болады.

Ал ғадалат (әділеттілік) күшінің көркемдігі – ашу мен шәһуатты дін мен ақылдың жетегінде қорғау арқылы болмақ.

Демек, көркем мінез-құлық осы төрт күштің басын біріктіріп, орта жолда, құба төбел ұстай алғанда ғана болмақ екен. Ал біздер мұның ортасын ұстай алмағандықтан да, дінде шектен шығып жатамыз. Осыны ескерген Шәкәрім әулие былай дейді:

Сыртын түзеп кейбіреу аласұрды,

Киіміне мақтанған бала сынды.

Ат болсын, киім болсын, мінез болсын,

Құба төбел істі қыл жарасымды.

Құба төбел дегенді ұқсаң керек,

Орынсызды істеме, болсаң зерек.

Мүйізі бар кісідей едірейіп,

Өзге жаннан болмасын түрің бөлек.

Салтан САЙРАНҰЛЫ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс