Фарид ад-дин Мухаммед ибн Иббрарим — парсының ақыны. Оның туған жылы туралы нақтылы дерек жоқ. Бір мәлімет бойынша 1119, екінші мәлімет бойынша 1136 жылы, ал үшіншісінде біз жоғарыда көрсеткен жылда Нишапур қаласының маңында дүниеге келген делінеді.
Аттар жасынан әкесінің жолын қуып, дәрі-дәрмек дайындаумен және емшілік жасаумен шұғылданған. Оның алған емшілік білімі жөнінде де деректер тапшы, бірақ өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмек дүкенін ұстап, сонымен бірге ақындық шығармашылықпен бірге шұғылданғаны және барлық тапқанын осы жолға жұмсағаны ел аузында аңыз болып қалған.
Аттардың шығармалары оның жан-жақты және терең білімінен хабар береді. Кезінде Аттардың жазған автобиографиялық шағын әңгімелері көптеген кейінгі қаламгерлердің шығармаларына арқау болған. Оның "Мантик ат-таир". "Илахи-наме" шығармалары софылық әдебиетінің үлгісі деп саналады.
***
Қуаныш бұл, қандай ғажап қуаныш!
Кеудеме кеп ұя салды жұбаныш.
Жылытатын жүрегіме сенемін,
Махаббатқа өз жанымды көмемін.
Қауышамын енді шыққан тегіммен,
Жау да қалмас айналамда емінген.
Жауып жатыр қуаныштар көгімнен,
Қорықпаймын енді мынау өлімнен!
***
Жоқты іздеп бар әлемді шарлайсың,
Қалың нуда кілт жоғалтқан жандайсың.
Осылайша жоғалтасың өзіңді,
Бұл ғашықтық байлап қояр көзіңді.
***
Қандайда бір таусылмайтын тамшыдан,
Теңіз шығар болса егер сәл шыдам.
***
Көзімізге көрінетін, көрінбейтін дүние,
Барлығы да өзімізді жаратушы бір Ие.
Одан басқа ештеңе жоқ мынау байтақ ғаламда,
Сол Құдайдың бір бөлшегі жердегі бұл адам да.
***
Теңіз деген, ауа деген немене?
Бәрі Құдай десең жұртың сене ме.
Тәңірдің ол бойтұмары секілді,
Құдайлықты жауып тұрған нетүрлі.
***
Бәрімізден бұл махаббат тым ыстық,
Талап етер бір ғажайып тыныштық.
***
Жоқ қой менің есімім де, қолым да,
Аты жоқтар кездеседі жолымда.
Сол себепті аты жоқтар жайында
Мен айтамын, уайымға салынба.
***
Қолмен ұстап жанымның етегінен,
Бұл ғаламның басына жетемін мен.
***
Құдайға барар жолға түсу үшін,
Қолыңнан келетіннің бәрін жаса,
Қанатыңды талдырмай ұшу үшін,
Қолыңнан келетіннің бәрін жаса.
***
Екі дүние сырын біле аласың,
Екеуінің жұмбағын да табасың.
Өйткені сен жаратылған Адамсың,
Махаббатпен от болып та жанасың.
***
Күнә менен өкінішті жоятын да – қажылық,
Жазаны да жеңілдетіп қоятын да – қажылық.
Сәтін салса осы жолдан тарта көрме басыңды,
Жүрегіңе енгізіп ал таусылмайтын асылды.
***
Ұстазының алдында шәкірт ерекше,
Алла атын қайталап жатты бөлекше.
Ұстаз айтты: «Жетілмепсің ғой сен әлі,
Шындығында Құдайдың аты жоқ әлі.
Есімі емес айтқаның сенің Құдайдың,
Өз атыңды қайталап жаттың ылайым.
Бар ма сенің Ол жайында білерің,
Түсінемісің ішіңде тұр ғой тірегің».
***
Жазбалардағы әріптер – пұт, ешқашанда табынба,
Жанарларыңды перделейді, адастырар сағымда.
***
Бүкіл ғалам менің өзім секілді,
Түйіршікпін мен де оның ішінде.
Іздейміз-ау қазынаны не түрлі,
Жасырылған олар менің ішімде.
***
Көре аламыз сұлулығын Тәңірдің,
Айналаға сәуле шашқан кезінде.
Түсінбейміз сырын мынау өмірдің,
Танымаймыз көре тұра Өзін де.
Сол себепті бұйырды Алла айнаны,
Айнаңызда Тәңірдің сол бай мәні.
***
Зұлымдықты бүгінгі күн жандар болса жасаған,
Тез түзетсін, сол зұлымдық шықпай тұрып тасадан.
***
Қарияны құрметтей біл әзірге жас шағыңда,
Сол құрметке жолығарсың күз түскенде бағыңда.
***
Тәуелді жанға өзіңе,
Мейрімің тұрсын сезіле.
***
Жалқау болсаң үнемі,
Жоқшылық қоршап жүреді.
***
Ғашық жанның махаббаты от болар,
Ақылы да бықсып жанған шоқ болар.
Шын махаббат жаулап алса жүрегін,
Ұстатпайды ақыл оған білегін.
***
Махаббатқа жүргізе алмас ақыл, шіркін, әмірін,
Ақыл деген махаббаттың қия алмайды тамырын.
***
Өмір деген – әсем қала,
Жаның – оның сұлтаны.
Сезім – әскер қашанда да,
Қорғайтұғын нұр тағын.
***
Дұшпандық деген өрт секілді алапат,
Күш алмай тұрып өшіргін.
Тәңірден сұра болмасын деп бұл апат,
Аулаққа салсын көшін мың!
***
Өмір сүргін көпшілікпен сен дәйім,
Мейлі олар кешірімсіз болса да.
Мінезіңді ұнатпаса ол мәйім,
Ортаға сол бейімделгін соншама.
Тастағайсың жамандықты тасаға,
Ешқашанда сен зұлымдық жасама.
***
Дәрігер мен жанға жақын досыңнан,
Ауруыңды ешқашанда жасырмаң.
***
Өмір сүріп жатқан мынау әлемім,
Қараңғы бір қуыс сынды шамы жоқ.
Қараңғыға жайып білім пәлегін,
Жарық қыла аламыз ғой жағып от.
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ