Ибн Ата бұл сұраққа былай жауап береді: «Алланың зікірі бүкіл жарық нұрымен көңілдерге кіргенде, нұрдың жарқыраған сәулелері пенделік сипаттардың барлығын жүректен жояды».
Жалпы, пендешілік сипаттар адамның көңілінде қара түнек не қара дақ тәрізді. Мұның кетуі де тек қарама-қайшы бір мәнінің пайда болуымен ғана болады.
Мәселен, суық тек жылудың пайда болуымен, ал қараңғылық та жарықтың келуімен жойылса, қатігездік мейірімділіктің бой көрсетуімен, ал зұлымдық әділдіктің орнауымен жоғалады.
Міне, дәл сол секілді Алланың есімдері таза бір нұр болғандықтан, бұл нұрдың жүрекке енуімен көңілдегі барлық түнектей болған пендешілік сипаттар кері шегінеді.
Мәулана да бұған қатысты былай дейді: «Алланың есімі таза. Тазалық келгенде ластық барлық дүние жүгін жинап, сыртқа шығады. Қарама-қайшы мәндер бір-бірінен қашады. Күн шығып, сәуле шашқанда, түн түріліп жоқ болады. Алланың пәк есімі тілге келгенде, яғни зікір етілгенде жүректен ластық та, қара қайғы да, қаттылық та қалмайды».
Демек, Алланы зікір еткен құлдың көңілінен пендешілік сипаттар жойылып, Аллаға деген ғашықтық сезімі орнайды. Бұл жағдайда құл өзінің ғашығына ұқсауға тырысады.
Осы кезде ол Алланың есімдерін зікір етіп қана қоймай, енді Оның есім-сипаттарымен безене бастайды. Нәпсіні тәрбиелеп, рухты асқақтатумен айналысатын тасаууф ілімінің мақсаты да – осы. Сол себепті де Кашани: «Тасаууф – иләһи мінезбен мінездену», – деген.
Шәкәрімнің де: «Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса», – деуінің мәнісі де осы. Ол:
«Тәңірің – таза, болып бақ сен де кірсіз,
Әлің келсе, меннен қаш, Иең мінсіз.
Бұл Құдайдай боламын деген емес,
Сөзімнің түбін ұқпай деме дінсіз», – деп, бізді «пендешілік болмысты жойып», «мендіктен» арылып, «фәнә филләһ» мәртебесіне жетіп, Алланың есім-сипаттарымен безенуге шақырады.
Салтан САЙРАНҰЛЫ