Оның мәнісі: бір ақсақ пен бір соқыр өмір бойы жолдас болыпты. Екеуі де қайыршы. Ақсақ нашар, әлсіздігінен тапқан-таянғанын көтеріп, арқалап жүруге кемдігі бар. Соқыр біреу жетелемесе, өз бетімен жүре алмайтындығы бар. Шайтан осы екеуін азғырып, айыра алмай, көп әуре болған екен. Күндерде бір күн Алланың шайтаны мен адамның шайтаны ұшырасыпты:
− Не ғып жүдеп салбырап келесің? - дегенде, − Мына бір соқыр мен ақсақтың татулығына сұқтанып, осынша азғырып айырайын десем де, айыра алмай, қалжырап, шаршап келемін, - депті.
− Мен екеуін өзіңнің көз алдыңда қайтып қосыла алмастай қылып айырайын. Маған өзің қол тапсырып, пір қылып, аяғыма бас ұрамысың? - депті.
− Жарайды, ондай қылсаң, не айтқаныңды қылайын! - депті. − Ал, ендеше тамашама қара да тұр, - деп, ақсақты шақырыпты. - Ай, ақсақ, бері кел, бері кел, тез, жылдам. Ана соқырың кейін тұра тұрсын! - деген соң, ақсақ шойнаңдап басып, шолақ аяғын арбаның дөңгелегіндей дөңгелеттіріп, жетіп келгенде, ақсақтың екі қолын бір қолымен мықтап ұстап алып, оның жағына шапалақпен аямай-ашымай беріпті кеп:
− Мынаны соқырға бер, соқырыңның сыбағасы, - деп, сол жағына келістіріп құлаштап тұрып періпті. - Мұны өзің ал, бұл өзіңнің сыбағаң! - деп, қолын қоя беріп, жүре беріпті. Төбелесуге әлі келмейді: «Бүлк етсем, мұнан [да] жаман ұрып тастар!» - деп, салбырап, жүдеп, соқырдың қасына барыпты. Соқыр жаққа сабағанын көрген жоқ, «Мынаны соқырға бер, мынаны өзің ал!» - дегенді естіген.
− Маған бергені қайда, алақаныма сал, - деп асығып тұрған байғұс дүрсе қоя беріпті.
− Дәнеме берген жоқ, о жағыма бір салды, бұ жағыма бір салды, - дегеніне соқыр өлсе нанар ма?
− Аса бір қызықты, ешкімге беруге қимайтұғын нәрсе ғой! Көзім жоқ болған соң, мені нандырайын деп айтасың ғой! - деп, нану қайда - өз құлағымнан естідім ғой! - деп болмады. Қанша айтып нандыра алмаған соң:
− Нанбасаң, бергені мынау, - деп, - ап келші екі қолыңды, - деп, қолынан ұстап тұрып, езіне қандай ұрған болса, ыза болып, долданып, соқырды сондай ұрыпты.
- Қайран көзі құрғырдың жоқтығы-ау! Бергенін бермегеніңмен тұрмай, өзімді келемеж қылдың ба?! - деп, - Өлсем де, өз бетіммен қаңғып өлейін! - деп, айрылып кетіпті. 164 Сонда Алланың шайтаны өзінің шайтан болып, жүргендігі[не] ұялып, адамның артық екендігіне ден қойған екен.
«Алланың шайтанынан адамның шайтаны күшті» - делінген сөз осындайдан айтылған екен. Құранда: «Мин-ал-жанната уалиасының» - Мығнай Шарифы: «Жыннан болған шайтаннан да сүйсінемін, адамнан болған шайтаннан да сүйсінемін - деп айт» - деген бұйрық сөз ғой. Мұндай сөзге өзгеден гөрі оқыған ғалымлар тез нанады. Тағы басқа нанарлық дәлелі толық.