Адам баласы тілін жамандықтан тыйып алмайынша иманның ләззатын сезіне алмайды. Сөйлесе, тек жақсылықты ғана айтып үйренген жанның жүрегі тазарып, ұдайы нұрлану үстінде болады. Балаңызға ренжісеңіз, өз-өзіңізді сабырға жеңдіріңіз. Ешқашан оған: "Сен жамансың", нақұрыссың, жартыақылсың, топассың, ит, құрып кеткір" деген сияқты бірін айтсаң екіншісі, одан үшіншісі, сөйтіп тізбектеліп кете беретін, толып жатқан жаман сөздің бірін де айтпаңыз! Тіліңіздің ұшына келіп қалса да өзіңізді ұстап қалыңыз. Кейін ондай жаман сөз тіліңіздің ұшына келмек түгілі ойыңызда болмайды. Ойыңызда болмаған соң жан сарайыңызға мүлдем жоламайды.
Сөйтіп, жан дүниеңізбен тазара бастайсыз. Ар-ұят, ар-иманыңыз артып, тылсымнан таңғажайып сыр суырасыз, жұрттың байқай бермейтінін байқап, көрмейтінін көріп, яғни жүрегіңіздің көзімен көп жайтты аңғарып, рухани дәрежеңізбен биіктей түсесіз. Мұны сезіну адамға қанат бітіреді! Осының барлығы тілден басталады. Әр күн, әр сәтте сөйлей қалсаңыз тіліңізде тек жақсы сөз болсын! "Жақсы сөз - жарым ырыс".
Жалпы адам баласының бақытты болуы һәм өзгелерге бақыт сыйлауы тіліне байланысты. Тіл, тәтті тіл - тәтті өмірдің иесіне тиесілі нығмет. Тілден ащы һәм тілден тәтті ештеңе жоқ. Олай болса сөйлемеңіз. Егер сөйлесеңіз тек жақсыны айтыңыз. Жақсы ой мен жақсы сөз - адамдықтың белгісі.
Тіл - жүректің желкені, көңілдің пердесі. Тіл көтерілгенде адам жан сарайының ішінде не бары көрініп қалады. Ішіңіз көз жауын алардай сұлу болсын десеңіз тіліңізге абай болып, ақыл-ойыңызды таза ұстап, жан жүрегіңізді кірлетпеңіз.
Ақыл, жүрек, тіл үшеуі қазынаң,
Үшеуімен ауырам не жазылам.
Осыларды таза сақтай алсам деп,
Құдіреттім,
Сені іздеп сағынам,
Шарқ ұрып сабылам!
Сипатыңды сезген сәттен бас ұрып,
Табалдырық,
Босағаңнан табылам!
құрметпен: Мұнайдар Балмолда