Асан Қайғыдан екі сөз...
- Асан Қайғы жолаушылап келе жатып, бір сараңның үйіне түсіпті. Сараң үйіме қонады деп қорқып, теріс қарап отырып айран құйыпты. Айранын ішіп болған соң, Асан Қайғы:
«Адам бір көргенде жылан,
Екі көргенде құлан,
Үш көргенде адам.
Мырза бері қарап отырыңыз, манадан бері жыланша отырдық, енді құланша отырып жөн сұрайық, содан кейін адам болуды да ойласамыз» депті.
- Ұзатылып бара жатқан қызы көрісуге келгенде, Асан Қайғы:
«Сүюге бар балам, сүйгеніңе жоқ балам. Құланның өрісі бірге, жусауы басқа деген. Жат жұртқа жаралып едің, енді бөлек жусағалы тұрсың!» -деген екен.
Әйелді қорсынбаңдар...
Алыс жолдан үй ішін сағынып келе жатып, ауылына жақындағанда Сырым жолдастарына:
- Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жете қонайық,-дейді. Сырымның әйелі ажарсыздау адам екен. Соны әзілдеп жолдастары Сырымға естіртпеген болып:
- Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай әдемі әйеліне асығып келеді екен?!-депті.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:
- Жігіттер, әйелді қорсынбаңдар,
Әйелсіз үйге күй бітпейді.
Қойды «қой» деп қомсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Астымдағы қара атым – тұлпарым,
Қасымдағы қара әйелім – сұңқарым,-деп желе жөнелген екен.
Табалдырықтан биік тау жоқ...
Нұрәліні шаппақ болып жүргенде, Сырым батырға ағайындары бөгет жасай беріпті.
Сонда Сырым: «Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан берік жау жоқ» деген екен - деп сөзін аяқтаған екен .
Бұрын керемет көреген, салиқалы, дүйім елді бір ауыз сөзімен тоқтата білген Абыз Аталарымыз болған...
Қазір неге жоқ?