Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады;
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық;
Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек;
Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек – бұлар жүрек ісі. Асықтық та – жүрек ісі;
Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды;
Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады;
Есті кісілер – үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді;
Құдайшылық – жүректе;
Жаманмен салысып жақсы болмайсың;
Көпке қорлық жүрмейді;
Құдайдан – қорық, пендеден – ұял: бала бала болсын десең оқыт, мал аяма;
Надан ел – қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады;
Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес;
Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше – малды не жерден сұрау керек, не маңдай терден сұрау керек;
Шара мейір – шала байқалады;
Тура жолдағыны шатастырушы жүз кісі – қисық жолдағыны түзеткен бір кісіден садаға кетсін;
Өзің құрметтемеген нәрсеге – бөтеннен қайтіп құрмет күтесің;
Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады.